Қытай әскері Тайвань жағалауында екікүндік ірі жаттығу бастады. Онда аралды қоршауға алу операциясы пысықталады. Пекин маневрларды "Тайвань тәуелсіздігіне ұмтылған күштердің сепаратистік әрекеттері үшін қатаң жаза" деп атады. Бұл жөнінде Қытайдың ресми басылымы "Женьминь жибао" жазды.
Пекин аталған аумақты 1949 жылдан бері бақыламайды, бірақ оны Қытайдың ажырамас бөлігі деп санайды. Үш күн бұрын Тайванның жаңа президенті Лай Циндэнің инаугурациясы өткен. Қытай оны бірнеше рет "қауіпті сепаратист" деп атаған. Пекин оның инаугурация кезінде сөйлеген сөзін қатаң айыптады деп жазды South China Morning Post.
Лай өз сөзінде Тайвань тұрғындары егемендіктен бас тартса да Қытай аралды аннексиялап алу ниетінен таймайды деген. Ол Пекинді саяси және әскери тұрғыда қорқытуды доғаруға үндеген.
Қытайдың әскери жаттығуын Тайвань қорғаныс министрлігі "аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзатын арандату әрекеті" деп атады. Мәлімдемеде Тайванның әскери-теңіз, әскери-әуе және құрлық күштері дайындық жағдайында отырғаны жазылған.