Ресей президенті Владимир Путин АҚШ компанияларына тиесілі мүліктерді, бұған қоса америкалық азаматтардың мүліктерін тәркілеуге рұқсат берді.
Ол мұны АҚШ-та ресейлік активтердің бұғатталуына қарсы жауап деп атады. Тиісті жарлыққа қол қойылды.
Жарлыққа сәйкес, АҚШ-та мүліктері тәркіленген ресейлік компаниялар шешімді негізсіз деп тану бойынша Ресейдегі соттарға қайрыла алады. Егер Ресей соты АҚШ мемлекеттік мекемелерінің шешімін негізсіз деп таныса, онда олар бұл мүлкін Ресейде анықталған АҚШ азаматтарының мүлкін тәркілеу арқылы шығынның орнын толтыра алады.
24 сәуірде АҚШ президенті Джо Байден конгрестің қос палатасы қабылдаған Украинаға әскери көмек көрсету жөніндегі заңға қол қойды. Заңның бір бабында Ресейдің мемлекеттік активтерін Украинаға көмек ретінде тәркілеуге рұқсат берілген.
Ақпан айындағы мәлімет бойынша, Украинадағы соғыстан келген шығын көлемі 486 миллиард долларға жеткен.
2022 жылдың қаңтар айында РИА "Новости" агенттігі Ресейде батыс компанияларының 288 млрд долларға жуық активі бар екенін жазды.