Былтыр желтоқсанда әскерде жұмбақ жағдайда басы жарылып, қаңтардан бері комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарды Алматыдағы ауруханадан Астанаға ауыстырмақ. Дәрігерлер шешіміне күмәнмен қарайтынын айтқан туыстары сарбаздың денсаулығы алыс жолға жарамайды дейді.
Сарбаздың анасы Гүлсім Қамиева мен оның заңды өкілі Инга Иманбай Ербаянның денсаулығы мен қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Олар сарбазды Астанаға ауыстыруға болмайды деп 30 мамырда Алматыдағы адам құқықтары жөніндегі бюрода баспасөз жиынын өткізді.
– Ағасының, анасының айтуы бойынша, баланың басында ойық жарақаттары бар. Ол аурухананың қорытындысында көрсетілмеген. Бұған қоса, баланың мұрны сынған, ол да көрсетілмеген. Қылмыстық іс жоқ. "Бала өзі құлап, комаға кетті" дейді, – дейді Инга Иманбай.
Your browser doesn’t support HTML5
Ербаян Мұхтар қазір Алматыдағы №12 ауруханада жатыр. Дәрігер Әлия Әбенова сарбазды анасының өтініші бойынша Астанаға ауыстырып жатыр дейді. Оның сөзінше, бұған дейін Ербаянның анасы денсаулық сақтау министріне өтініш жазып, ұлын санавиациямен Астанаға ауыстыруды сұраған. Қазір борт Алматыға келген, бірақ сарбаздың туыстары қарсы болса, оны кері қайтарады.
– Қазір [Ербаян] жансақтау бөлімінде жатыр. Қазір ғана консилиум болып, соның шешімі бойынша, неврология бөліміне шығаруға шешім шықты. Тасымалдауды науқас көтереді. Оны тек біз айтпаймыз. Борттың өзінде дәрігерлер болады. Олар өздері келіп науқастың жағдайын бағалайды. Біздің берген тапсырысымызбен науқасты алып кете бермейді, – деді дәрігер Әлия Әбенова.
Сарбаздың анасы Гүлсім Қамиева министрге өтініш жазғанын растады. Айтуынша, ол басында дәрігерлер сөзіне сеніп, баласының жағдайы жақсы деп ойлаған. Бірақ ұлын Алматыдағы ауруханадан әскери госпиталға ауыстырып, жағдайы нашарлағаннан кейін Астанаға ауыстыру шешімінен айнып отыр.
– Ол кезде бұл кісілерге сендім. Баланың жағдайы жарайды деді. Мен қолхат беріп қойдым. Одан кейін "[денсаулығы] жарамайды" деген ақпарат естідім. Неге олай істегенін білмеймін. Бұлар өздері баладан құтылғысы келіп тұр, – деді Гүлсім Қамиева.
21 жастағы Ербаян Мұхтар былтыр желтоқстанда Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде құлап, комаға түскен. Әскери бөлім Ербаянды дәретханада жығылып, басын кафелге соғып алды деген. Істі тергеу әскери бөлімнің ішіндегі әскери полицияға тапсырылған. Қазір процесс тоқтап тұр. Сарбаздың туыстары мен заңды өкілі тергеуге күмәнмен қарайды. Олар қылмыстық істі тергеуді тездетіп жүргізу қажет дейді.
Your browser doesn’t support HTML5