АҚШ, Египет пен Катар Израиль мен ХАМАС-ты (АҚШ пен ЕО-да террористік ұйым танылған) АҚШ президенті Джо Байден ұсынған бейбітшілік жоспарын қабылдауға шақырды.
Үш елдің 1 маусымда жариялаған мәлімдемесінде Америка президентінің ұсыныстары "Газа секторында атысты тоқтатып, дағдарысты реттеуді" қарастыратыны, бұл "Газа секторы тұрғындары мен секторда тұтқында отырғандарға да пайда әкелетіні" жазылған.
Сенбі күні сәл ертерек АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен бейбітшілік жоспарын Египет, Катар және БАӘ сыртқы істер министрлерімен талқылаған.
Байден ұсынған үш кезеңнен тұратын жоспар Газа секторында әскери қимылды тоқтатып, Израиль әскерін сектордан шығаруды және ХАМАС ұстап отырған тұтқындардың барлығын босатуды қарастырады.
"Егер ХАМАС келісімдегі міндеттерді орындамаса, Израиль әскери операцияларды қайта бастай алады. Алайда Египет пен Катар ХАМАС мұндайға бармаc үшін жұмыстарды жалғастыра береді деп сендіруге тырысты" деді Байден.
Египет пен Катар және өзге елдердің араағайындық етуімен атысты тоқтату туралы келіссөз талай тығырыққа тіреліп, Израиль мен ХАМАС бір-бірін кінәлаған.
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сенбі күні егер бейбітшілік жоспарына ХАМАС-ты Газаны бақылау құқығынан айыру енбесе, онда Газа секторында атысты тоқтату туралы айтудың өзі артық деді. Дегенмен ол Байденнің ұсынысынан тіке бас тартқан жоқ. ХАМАС өкілдері бейбітшілік жоспарын "оң қабылдайтынын" мәлімдегенмен көп жайт құжаттың жай-жапсарына байланысты екенін айтты.
Тель-Авивте сенбі күні мыңдаған адам кезекті рет наразылыққа шығып, тұтқындарды босату үшін бейбітшілік ұсыныстарын қабылдауды талап етті. Жексенбі күні АҚШ конгресінің сенат және өкілдер палатасының жетекшілері қолдау ретінде Биньямин Нетаньяхуды конгрестің біріккен отырысында сөз сөйлеуге шақырғаны белгілі болды. Нетаньяху шақыруды қабылдағанын мәлімдеді. Осылайша ол конгрестің біріккен отырысында төрт рет сөз сөйлеген алғашқы шетел басшысы болмақ.