6 маусымда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы ProTenge жобасының авторы, журналист Жәмила Маричеваның апелляциялық шағымын қарауды аяқтады. Судья Қанат Молдашев шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Бірінші сатыдағы сот журналистің Азаттық радиосын қолдап жазған жазбасын "жалған ақпарат" деп тауып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (74 мың теңге немесе шамамен 165 доллар) айыппұл салған.
4 маусымда Маричеваның адвокаты Әсел Тоқаева бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюды және әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты журналистің үстінен ашылған әкімшілік істі жүргізуді тоқтатуды сұраған.
Адвокат журналист Маричеваны көшеден ұстап, полиция бөліміне апарған және хаттама толтырған полиция қызметкерлерінің әрекетін тізіп шығып, олардың әрекеті заңсыз екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жәмила Маричеваға қай "жалған ақпарат" үшін айыппұл салынды?Елдегі жемқорлықты әшкерелейтін материалдар жазатын ProTenge жобасы 30 қаңтарда аккредитация алмаған Азаттық тілшілерін қолдап, телеграм-арнасында шағын пост жариялады. Мәдениет және ақпарат министрлігі интернеттегі ақпарат кеңістігіне мониторинг жасап, "сол жазбада көрнеу жалған ақпарат бар" деген тұжырымға келіп, ішкі істер министрлігіне хат жолдаған.
Алматының Бостандық ауданының полиция басқармасы әлгі хатты ілік етіп, ProTenge жобасының негізін қалаушы әрі бас редакторы Жәмила Маричеваның үстінен "Жалған ақпарат орналастырды, таратты" деп әкімшілік іс қозғап, сотқа берген.
Бұған дейін ProTenge-нің дәл сол жазбасын бөліскен журналист, "Обожаю" жобасының авторы Асхат Ниязовтың да басы дауға қалған. Астана полициясы Ниязов бөліскен ProTenge-нің жазбасынан "жалған ақпарат" таппай, "жала жабу" бабы бойынша іс қозғаған. Астананың әкімшілік соты істі қарап, құқық бұзу іс-әрекеті болмаған деп ұйғарды.
- 2024 жылғы қаңтарда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан. Азаттықтың кей тілшілері аккредитациясын 2022 жылдың аяғынан бері ұзарта алмай келген.
- 30 қаңтарда Азат Еуропа/ Азаттық радиосы бұл шешімге наразылық білдіріп, сотқа жүгінген.
- Сәуірде Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақстан сыртқы істер министрлігімен осы елдегі тілшілерінің аккредитациясы мәселесі бойынша келісімге келді.