АҚШ президенті Джо Байден Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесу кезінде Вашингтон Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқан Украинаны қанша уақыт қолдау керек болса, сонша қолдайтынын мәлімдеді.
Байденнің сөзінше, Киевке көмек көрсетілмесе, онда Ресей президенті Украинаны жаулаумен тоқтамайды.
"Бүкіл Еуропаға қатер төнеді, бұған жол бермейміз. АҚШ Украинамен бірге әрекет етіп отыр. Біз ешқайда кетпейтінімізді тағы айтқым келеді" деді Байден.
Өз кезегінде Макрон Байден мен АҚШ-қа Украинаға көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Еуропаның "қауіпсіздігі мен тұрақтылығына" қауіп төндіріп отырған соғысқа қатысты Вашингтон мен Париждің көзқарастары ортақ екенін атап өтті.
Франция президентінің айтуынша, Украинаға көмек мәселесі келесі аптада Италияда өтетін "Үлкен жетілік" елдерінің саммитінде және Швейцариядағы бейбітшілік конференцисынла да талқыланбақ.
Макрон "Үлкен жетілік" елдері Украинаға 50 млрд доллар көлемінде көмек көрсететінін растайтын болар деп үміт білдірді.
Сенбі күні Германия канцлері Олаф Шольц та осыған ұқсас мәлімдеме жасады. Ол Швейцариядағы Украина бойынша конференциясында тұтқын алмасу, украин балаларын отанына қайтару, ядролық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі талқыланатынын айтты.
Ресей бұл шараға шақырылған жоқ. Бұған дейін Мәскеу өзі қатыспайтын шараның болашағы жоғын айтқан.