Жексенбі, 16 маусымда Швейцарияда өткен Украинадағы бейбітшілік туралы халықаралық конференция – "Бейбітшілік саммитіндегі" қорытынды коммюникені осы жиынға қатысқан 78 мемлекет қолдады.
Басында 80 ел қолдады деп хабарлаған, кейін тізімнен Ирак пен Иордания шығып қалды. Бұған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Бірнеше ақпарат құралы олар құжатқа қойған қолын қайтарып алды деп жазды.
Коммюникеде конференцияда талқыланған үш негізгі тақырып қамтылған: гуманитарлық мәселелер, ядролық және азық-түлік қауіпсіздігі. Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба құжатта Киевтің ұстанымы ескерілгенін айтты.
Саммитке 90-нан аса ел қатысты, бірақ кейбірі қорытынды құжатқа қосылмады. Олардың қатарында Сауд Арабиясы, Үндістан, Таиланд, Мексика, Біріккен Араб Әмірліктері және Оңтүстік Африка сияқты Ғаламдық Оңтүстік деп аталатын елдер бар. Армения және саммитті бақылаушы ретінде қатысқан Бразилия мен Ватикан қалыс қалды.
Декларацияға қосылғандар арасында Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуроодақтың барлық елі, ЕО-ның басқару органдары, Сербия, Түркия, Аргентина, Израиль, Қатар, Африка мен Латын Америкасындағы бірнеше мемлекет бар.
Құжатта Ресей әскерін Украина аумағынан шығаруға тікелей шақыру жоқ, бірақ кез келген мемлекеттің, соның ішінде Украинаның халықаралық деңгейде танылған шекарасы аясында тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қажеттігі айтылған. Коммюнике мәтінінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысы орасан зор бүліншілік пен қайғы-қасірет әкелді, әлемнің көптеген аймағына қауіп төндіреді делінген. Саммитке қатысқандар Ресей агрессиясын айыптаған БҰҰ Бас ассамблеясының қарарларын еске салды. Мәтінде БҰҰ жарғысына және оның негізгі принциптеріне сүйенген және олар Украинада әділ және берік бейбітшілікке қол жеткізуге негіз бола алатыны жазылған.
Бұдан бөлек, коммюникеде Запорожье атом электр станциясын Украина бақылауына қайтару, екі жақтың қолындағы тұтқындарды түгелдей айырбастау және Ресейге заңсыз әкетілген балалар мен басқа да адамдарды Украинаға қайтару керектігі айтылған. Сондай-ақ Қара және Азов теңіздеріндегі сауда кемелерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру қажет және азық-түлік қауіпсіздігін әскери мақсатта пайдаланбау керек деген. Украинадағы соғыста ядролық қару қолдану туралы қоқан-лоққы өрескел қылық екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Швейцарияда ондаған елдің басшылары Украинада бейбітшілік орнату жайын талқылап жатырҚұжатқа сәйкес, саммит алдын ала талқылаулардан соң шақырылған, онда Украинаның бейбітшілік формуласы да, БҰҰ жарғысына сай басқа да бейбіт бастамалар талқыланған, бірақ оның егжей-тегжейі айтылмайды. Құжат бейбітшілікке қол жеткізу барлық тараптың диалогын қажет етеді деген мәлімдемемен аяқталады және онда конференцияға қатысушылар жоғарыда аталған салаларда осындай диалог орнату үшін нақты қадамдар жасайды делінген.
Саммит аяқталған соң Украина президенті Владимир Зеленский Швейцариядағы диалог нәтижесі "тек практикалық қадамдар" болуы мүмкін деді. Оның сөзінше, саммитке қатысқан елдер алда ядролық және азық-түлік қауіпсіздігі, тұтқындарды босату сияқты мәселелерді талқылауға жұмыс топтарын құрады. Зеленский саммитке қатысқан елдің бәрі әділ әлем негізі ретінде Украинаның аумақтық тұтастығын қолдады деді. Оның айтуынша, енді екінші саммитке дайындық басталмақ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский Швейцарияға "Бейбітшілік саммитіне" қатысуға барды"Настоящее время" тілшісінің сұрағына берген жауабында Украина президенті әлем елдерінің бәріне, соның ішінде саммитке қатыса алмаған немесе қандай да бір себептерге байланысты құжатқа бірден қол қоймаған мемлекеттерге қорытынды коммюникеге қосылу мүмкіндігі барын айтты. Ол "әлі нақты шешім қабылдамаған" мемлекеттерді Украина мен Еуроодақ елдерінің жақын көршілері сияқты Ресейден төнген қауіптің салдарын түсінуге шақырды. Зеленский саммитке қатысудан бас тартқан Қытайды Украина жауы деп санамайтынын айтты, бірақ Пекинді өзіндегі бейбіт бастамаларды саммиттің қорытынды коммюникесіне ұқсас принциптерге келтіруге шақырды.
Конференцияға қатысқан елдердің көбі Ресейді бейбіт процеске қатыстырмай бейбітшілікке жету екіталай деді. Бұдан бөлек, олар Ресей президенті Владимир Путиннің соғысты тоқтату бойынша кейінгі мәлімдемесін сынға алды. Онда Украинаның төрт облыстан, сондай-ақ Ресей аннексиялаған Қырымнан бас тартуы жөнінде айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Швейцарияда 100 ел мен халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен "Бейбітшілік саммиті" ашыладыУкраина СІМ басшысы Дмитрий Кулеба "әрине, Ресеймен сөйлесетін уақыт келетінін жақсы түсінеміз. Алайда біздің ұстаным өте айқын: біз Ресейге қазіргі ультиматум тілінде сөйлеуге жол бермейміз" деді, оның сөзін Reuters агенттігі жариялады.
Кремль өкілі Дмитрий Песков журналистерге Мәскеу болашақта Киевпен келіссөз болатынын жоққа шығармайды, бірақ оған сенім болу үшін кепілдіктер қажет болады деді. Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев саммитті "қора" деп атады.
Украина бойынша Швейцарияда өткен екі күндік саммитке 100-ге жуық ел мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ресейді оған шақырмады. Мәскеу өзі қатыспаған іс-шараның мәні болмайтынын мәлімдеп, шақырса да бармас едік деген. Ресей Швейцарияны бейтарап ел деп санамайтынын айтқан. Мәскеумен жақсы қарым-қатынастағы бірқатар мемлекет саммитке қатысқан жоқ, олардың қатарында Қытай, Египет, Пәкістан, Орталық Азия елдері, Африка мен Азияның көптеген елі бар. Саммит басталатын күннің қарсаңында Колумбия президенті де Швейцарияға барудан бас тартты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай, Батыс пен Ресейдің "үлкен ойыны" Орталық Азияға қауіп төндіре ме?