17 маусымда Жамбыл облысында әскерде жүргенде комаға түскен 19 жастағы сарбаз Нұржігіт Әбділпаттаның анасы Жанна Жаналина әлеуметтік желіде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, көмек сұрады. Жаналина ұлы қазір ес-түссіз, арнайы аппаратпен тыныс алып жатқанын, жағдайы әлі қиын екенін айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Түстен кейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаев үндеумен танысқанын, оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуді және кінәлі адамдарды жазалауды талап еткенін хабарлады. Президент қорғаныс министріне әскерде мұндай жағдайға жол бермеу қажетін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды деді Берік Уәли.
Бұған дейін Жаналина әскердегі ұлына әлімжеттік жасалғаны жөнінде тергеушіден естігенін айтқан. Азаттық осы іс бойынша тергеушінің өзіне хабарласты, ол жауап беруден бас тартып, ішкі істер министрлігіне жүгінуді сұрады. ІІМ сұрақтарға әлі жауап бермеді.
14 маусымда қорғаныс министрлігі Нұржігіт Әбділпаттаның жағдайы туралы ресми хабар таратып, сарбазға пневмония диагнозы қойылды, оның денесінде "көгерген іздер жоқ" деп мәлімдеген.
"Науқастың жағдайы ауыр. Қазір оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр" деді қорғаныс министрлігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жамбыл облысында қатардағы сарбаз жансақтау бөліміне түсті. Анасы ұлына "әлімжеттік жасалған" деп санайдыНұржігіт Әбділпатта әскерге биыл мамырда алынған. Ол Шымкенттегі "Авиценна" жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Демалыста Қостанайдағы үйіне барғанда әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан. Анасы "ұлым әскерге сап-сау кетті" дейді.
Сарбаз Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Анасының айтуынша, маусымның аяғында оның ант қабылдау рәсімі өтеді деп жоспарланған.
Азаттық қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпаттаның жағдайы бойынша 10 маусымда қорғаныс министрлігіне хабарласқан. Баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды сұрады, оған әзірге жауап келмеді.
Сарбаздың анасы сөйлескен дәрігер Азаттық тілшісіне жауап бере алмайтынын айтты. Нұржігіттің жансақтау бөліміне түскенін хабарлаған әскери бөлім қызметкері де жауап беруден бас тартты.
Your browser doesn’t support HTML5
- 2022 жылы сәуірде Маңғыстау облысынан әскери қызметке алынған Әлібек Қалбай Отардағы №30212 әскери бөліміне түсіп, төрт күннен соң түсініксіз жағдайда қайтыс болды. Таңертең сапқа тұрғызғанда есінен танып, госпитальге жеткізілген, бірақ дәрігерлер құтқара алмаған. 2023 жылы бұл іс бойынша сотқа тартылған жалғыз әскери қызметкер Айболат Аманжолов тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны әскери қызмет жарғысы ережелерін бұзып, адамды өлімге жеткізгені үшін кінәлі деп есептеді.
- 2022 жылы Қазақстан қорғаныс министрлігі бейбіт уақытта әскердегі өлімге жол бермейтін бағдарлама әзірлейтінін хабарлаған. Министр Руслан Жақсылықов әскери қолбасшылармен жиын өткізіп, "бейбіт уақытта әскери қызметкерлердің жаралануы мен қаза болуына жол бермеу үшін барлық лауазымды тұлғалар іс-шара қолдануға тиіс" деген тапсырма берген.
- 2023 жылы қарашада Жақсылықов "сарбаздар суицидінің 99 пайызының әскердегі борышын өтеуге қатысы жоқ" деген. Министр әскердегі сарбаздар қазасын "адамның өз басындағы мәселемен" байланыстырған.
Your browser doesn’t support HTML5