Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Корея мен Вьетнамға сапарының қорытындысы бойынша өткізген баспасөз мәслихатында Украинадағы соғысқа байланысты бірқатар мәлімдеме жасады.
Путиннің сөзінше, Ресей оккупацияланған аймақтардан әскерін "ешқашан әкетпейді". Ал Батыс елдері саясаткерлерінің Ресейдің "майданда стратегиялық жеңіліске" ұшырауын қалайтыны Кремльді "ақырына дейін баруға" мәжбүр етеді деді ол.
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский "Бейбітшілік саммитінде" ұсынған Бейбітшілік формуласында Ресей Украинаның 1991 жылы белгіленген жерінен әскерін түгелдей шығаруға тиіс деп айтқан.
"Батыс елдерінің саясаткерлері біздің стратегиялық жеңіліс тапқанымызға қол жеткізгісі келетінін айтады, бірақ бұл Ресей мемлекет ретінде өшті дегенді білдіреді. Ендеше "неге біз қорқуымыз керек, ақырына дейін барған дұрыс емес пе?" деген сұрақ туындайды, – деп мәлімдеген Путиннің сөзін "Медуза" жариялады.
Ресей президенті ядролық доктринада өзгерістер болуы мүмкін екені жөнінде не ойлайтынын да айтқан. Қазіргі нұсқа ядролық қаруды тек болжамды қарсыластың сондай әрекетіне жауап ретінде қолдануды көздейді. "Доктринаға алдын алу соққы туралы [қосып] қажет емес, қарсыласты қарымта соққымен де жоя аламыз", – деді Путин.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мен Солтүстік Корея арасындағы келісімде "өзара көмек" бар