Түркістан облысында 4 млрд теңге жымқыру ісі бойынша 41 адам күдікке ілінді

Түркістан облыстық прокуратурасы

Түркістан облысындағы білім бөлімі басшылары мен есепшілер 4 миллиард теңгедей мемлекет қаржысын ұрлау ісі бойынша тергеліп жатыр. Іс бойынша 41 адам күдікті деп танылған, басшылар қамауға алынған. Бұл жөнінде облыстық прокуратура хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, күдіктілер бірнеше жыл бойы өздерінің және туыстарының есепшоттарына тиісті жалақысынан жоғары ақша жіберіп келген.

"Облыс прокуратурасы Жетісай аудандық білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу барысында аудандық білім бөлімінің басшылығы мен есепшілері өздерінің, сондай-ақ туыстары мен таныстарының есеп-шоттарына белгіленген жалақыдан жоғары ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жасағаны анықталды. 2021-2023 жылдар аралығында мемлекетке 4 млрд теңгеден астам залал келтірілген" делінген прокуратура хабарында.

Бұл іс бойынша прокурорлар 41 қызметкерді, оның ішінде білім бөлімінің екі басшысын, бас есепшіні, оның екі орынбасарын және 36 есепшіні күдікті деп таныған.

Ауданның бұрынғы және қазіргі білім бөлімінің басшылары уақытша ұстау изоляторына жеткізіліп, сот санкциясымен қамауға алынды делінген Түркістан облыстық прокуратурасының хабарында.

Құзырлы орган "қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастырудың барлық мән-жайы мен фактісін" анықтау үшін тергеу жүргізіп жатқанын, өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын мәлім етті.