Путинді қонақ еткен Вьетнам АҚШ-ты стратегиялық әріптес деп атады

АҚШ президенті Джо Байден мен Вьетнам президенті Во Ван Туонг Ханойдағы кездесуде. 2023 жылғы 11 қыркүйек.

Вьетнам сыртқы істер министрі Буй Тхань Шон АҚШ-ты Вьетнамның стратегиялық әріптесі деп атады. Ол мұны АҚШ мемлекет хатшысының Шығыс Азия және Тынық мұхиты жөніндегі көмекшісі Дэниэл Кинтенбринктің Ханойға сапары кезінде айтты. Америкалық шенеунік Вьетнамға Ресей президенті Владимир Путиннен кейін сапарлаған.

Вьетнам сыртқы істер министрі АҚШ мемлекеттік департаментіне биыл наурызда Вашингтонда екі ел сыртқы істер министрлерінің кездесуін ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс білдірді. Министрдің сөзінше, Вьетнам АҚШ-ты стратегиялық әріптесі деп санап, аймақта және әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатып, әріптестікті күшейтуде бірге жұмыс істеуге дайын.

Кентенбринк АҚШ тәуелсіз, әрі қуатты Вьетнамның қолдауына, саудадан бастап қауіпсіздікке дейінгі кез келген салада Ханоймен әріптестік орнатуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Солтүстік Кореяға сапарлаған Ресей президенті Владимир Путин 20 маусым күні Вьетнамға барған. Кремль сайтының хабарлауынша, Путин Вьетнам президенті То Ламмен және өзге лауазымды тұлағалармен кездескен, екіжақты әріптестікті күшейту мәселесін талқылаған. Вьетнам шенділері Ресейді де стратегиялық әріптес деп атаған.