Қырымдағы Севастопольде зымыран шабуылынан үш адам мерт болып, ондаған адам жарақат алған

Украина күштері Ресей аннексиялаған Севастопольді зымыранмен атқылап, салдарынан үш адам қаза тапқан, жарақат алғандар саны 20-100 аралығында. Бұл туралы Ресей әскери әкімшілігі мәлімдеді.

Әуелі Украина зымырандары қала жағажайының үстінде атып түсірілгені, адамдардың зымыран қалдықтарынан жараланғаны хабарланған. Кейінірек зымыранда кассеталық бомба болғаны, ал адамдар сол бомбалар жарылғанда жарақат алғаны айтылды. Мұны өзге дереккөздермен растау мүмкін болмады.

Қаза тапқандар арасында екі жасар бала бар деп хабарлады қала әкімі Михаил Развозжаев. Оның сөзінше, жарақат алғандар 100-ге таяп қалады. Ресей қорғаныс министрлігі 20 адам жарақ алғанын айтады.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шабуыл алдында дабыл қағылмаған.