Севастопольде зымыран шабуылынан төрт адам өліп, 100-ден астамы жараланды

Украина қарулы күштері Ресей аннексиялаған Севастопольге зымыран атып, салдарынан төрт кісі қаза тауып, 140-тан аса адам жараланған деп хабарлады Ресей әкімшілігі. Зардап шеккендердің басым бөлігі жергілікті жағажайларға барған тұрғындар болуы мүмкін.

Ресей билігі қаза болғандар арасында үш бала бар деп хабарлады. Ресей денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шабуылдан кейін 144 адам дәрігер көмегіне жүгінген, олардың 82-сі ауруханаға жатқызылған. Зардап шеккен 13 адамның жағдайы ауыр дейді министрлік. Жергілікті тұрғындар шабуыл алдында әуе шабуылы жөнінде ескертетін жүйе жұмыс істемеді деп хабарлады.

Қаза тапқандар арасында Магадан мэрінің орынбасары Олег Аверьяновтың 9 жасар София есімді қызы бар. Магадан басшысының телеграм-арнасы кішкентай қыз жағажайда ата-анасымен бірге болған деп жазды. Аверьянов пен оның әйелінің жағдайы туралы әзірге ештеңе белгісіз.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырымдағы Севастопольде зымыран шабуылынан үш адам мерт болып, ондаған адам жарақат алған

Бастапқыда Украина жіберген зымыранды 23 маусымда қаладағы жағажай үстінде атып түсірді, оның сынықтарынан зардап шеккендер бар деп хабарлаған.

Енді зымыранда кассеталық бомба болған, ол бастапқы бағытынан ауытқып кетіп, жағажай үстінде жарылған, зардап шеккендерге кішкентай бөліктері тиді деп хабарлады. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дерек көздері жоқ. Ресей тергеу комитеті шабуылға байланыста қылмыстық іс қозғады.

Ресей қорғаныс министрлігі бес ATACMS ракетасымен "қасақана террористік зымыран шабуылы" болды деп жазды. Министрлік шабуылға Вашингтон жауапты деп айтты, өйткені "америкалық ATACMS жедел-тактикалық зымырандарына ұшу тапсырмасының бәрін АҚШ-тың спутник барлау деректеріне сүйеніп америкалық мамандар енгізеді" дейді.

Украина билігі Севастопольге жасалған шабуыл туралы әзірге пікір білдірмеді.

Севастопольдің Ресей тағайындаған губернаторы Михаил Развожаев 24 маусымды аза тұту күні деп жариялады.