Озоди: Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы Акбаршо Искандаров ұсталды

Акбаршо Искандаров.

Душанбеде Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің бұрынғы төрағасы Акбаршо Искандаров ұсталды. Бұл туралы 21 маусымда Азаттықтың Тәжік редакциясы – Озоди радиосы дереккөздерге сүйеніп хабарлады.

Озоди радиосының екі дереккөзі бас прокуратура қызметкерлері 73 жастағы Искандаровты маусымның 13-і мен 14-інде жауап алуға шақырып, кейін оны жібермей қойған деп хабарлады.

Билік оның ұсталған я ұсталмағаны жөнінде ештеңе айтпады.

2000 жылдардың басында Акбаршо Искандаров біраз уақыт Тәжікстанның Қазақстандағы елшісі болған. Ол Тәжікстанның Түркіменстандағы, кейін Моңғолиядағы елшісі болып істеген.

Акбаршо Искандаров 1990 жылдардың басындағы қақтығыстар кезінде Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметін атқарды, тіпті 1991-1992 жылдары Тәжікстан президенті міндетін уақытша атқарған. Бұған дейін ол Тәжікстан ғылым академиясының философия, саясаттану және құқық институтында жұмыс істеген.

Оны не себепті жауап алуға шақырғаны және не себепті ұстағаны белгісіз.

"Бас прокуратура тергеушілері осы уақытқа дейін 50-ге жуық адамнан жауап алып, оларды ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты, ал Акбаршо Искандаровты шығармады", – деді дереккөз.

Искандаровтан бұрын Тәжікстанның оппозициялық демократиялық партиясының бұрынғы жетекшісі, депутат Саиджафар Усмонзода мен бұрынғы сыртқы істер министрі Хамрохон Зарифиді ұсталды. Бұлардың бәрінің ұсталғаны бір-бірімен байланысты ма, жоқ па, ол жағы белгісіз деп жазды Озоди радиосы.

14 маусымда Тәжікстан бас прокуроры Юсуф Рахмон парламенттің төменгі палатасының кезекті отырысында депутаттарға әріптестері Усмонзоданы депутат ретінде қол сұғуға болмайтын құқынан айыру жөнінде ұсыныс жасаған. Отырысқа қатысқандардың бәрі прокуратура өтінішін бірауыздан қабылдап, Усмонзоданы қамауға келісім берді.

Юсуф Рахмон парламентте Бас прокуратура Усмонзода мен "басқалары" Тәжікстандағы мемлекеттік билікті басып алуға тырысты деп айыптағанын мәлімдеді. Оның туыстары бауырына жала жабылғанын айтады.