Оңтүстік Кореядағы зауытта шыққан өрттен 20-ға жуық адам мерт болды

Хвасон қаласында өртенген зауыт. Оңтүстік Корея, 24 маусым, 2024 жыл.

Оңтүстік Кореяның Хвасон қаласында (Сеулден 45 шақырым жерде) Aricell литий батареясын шығаратын зауытта ірі өрт болды. Кейінгі сәтке дейін түскен мәліметтерге сәйкес, 20-ға жуық жұмысшы қазаға ұшырап, кемінде тағы үш адам хабар-ошарсыз кеткен.

Зауыттағы өрт 24 маусым күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10:30 шамасында басталған, кішігірім жарылыстар болған. Өрт сөндірушілер сағат 15.00-ге қарай өртті ауыздықтады деп хабарлады "Рёнхап" агенттігі.

Агенттік мәліметінше, өрт кезінде хабар-ошарсыз кеткен 23 адамның 20-сы – шетелдіктер, арасында Қытай азаматтары бар. Зауыт қызметкерлерінің жұмыс кестесі жазылған құжат өртеніп, жойылғандықтан, хабар-ошарсыз кеткен және қаза тапқан адам саны көбеюі мүмкін.