"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мердігері Oil Transport Corporation мен West Oil Software компаниясының лауазымды қызметкерлері ұсталды. Компаниялардағы заңсыздықтарға байланысты "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабы бойынша тергеу басталған. Бұл жөнінде 25 маусымда Маңғыстау облысының прокуратурасы хабарлады.
Прокуратура мәліметінде Oil Transport Corporation компаниясының лауазымды қызметкерлері тауар жеткізушіден 1,5 млрд теңгеден астам қаржыға техникалық талаптарға сай келмейтін автобустар сатып алғаны айтылған. Олардың бағасын 400 млн теңгеге қымбаттатқан, жұмыста қолданбаған арнайы техникаларға 110 млн теңге қаржы аударған дейді прокуратура.
Бұған қоса Oil Transport Corporation мердігері – West Oil Software компаниясында жұмыста жоқ адамдарға 400 млн теңгеден астам жалақы төлеген, оны негізсіз есептеген деді заң қадағалаушы мемлекеттік орган.
Осы анықталған жайттарға байланысты Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") бойынша тергеу басталған. Аталған ұйымдарда лауазымды қызмет атқарған төрт басшы ұсталған. Прокуратура олардың аты-жөнін жарияламады.
Ақпаратқа қарағанда, қазір Маңғыстау облыстық прокуратурасы экономикалық тергеу департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірге мұнай-газ саласындағы бес кәсіпорынды тексеріп жатыр.
Былтыр желтоқсанда West Oil Software мұнай-сервистік компаниясының жүздеген жұмысшысы ереуілге шығып, төрт айдан астам уақыт бойы өздерін "ҚазМұнайГаз" компаниясы құрамына алуды, еңбек жағдайын жақсартып, көлік пен техниканы жаңартуды талап еткен. Бұл – мұнайға бай Маңғыстау облысы тарихындағы ең ұзаққа созылған ереуілдердің бірі.
Наразылықтың алғашқы күндері Қарақия аудандық соты жұмыс берушінің талабын орындап, ереуілді заңсыз деп тапқан. Наразылар шешімге келіспей облыстық сотқа шағымданған, бірақ нәтиже еш болмады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Міндетті түрде ереуілге тұрып, бір бөлігі қырылуы керек пе?" Маңғыстаулық кәсіподақ өкілдерімен сұхбат"ҚазМұнайГаз" жұмыс беруші еңбекақы мен әлеуметтік төлем бойынша барлық міндетін орындап отырғанын, 2023 жылы West Oil Software жұмысшыларының ең төменгі жалақысы – 380 мың теңге, жоғары жалақы – 890 мың теңге болғанын алға тартқан.
Сәуірдің ортасында жұмысшылармен Қазақстан президенті аппаратының инспекторы кездесіп, оларға еңбек жағдайы жақсы үшінші компанияға ауысуды ұсынған. Кейін желіде "West Oil жұмысшыларының талаптары "орындалды" және олар "тарап жатыр", "Астанадан адамдар келді. Толық шешті" деген видео тарады.
Биыл мамырдың ортасында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев қызметінен кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Маңғыстаудағы кадрлық ауыс-түйістің астарында не жатыр?