Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан жақында қабылдаған "Масс-медиа туралы" жаңа заңдағы кей баптар сөз бостандығына қауіп төндіріп, БАҚ еркіндігін бұрынғыдан бетер шектейтінін мәлімдеді.
"Масс-медиа туралы" жаңа заңда кей баптар статус-квоны жақсартуға бағытталғанымен, екіұшты және шектеу сипатындағы басқа ережелер жергілікті және шетел журналистерінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін" дейді HRW-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон 22 маусым күні ұйым сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусымда медиа сарапшылар мен журналистер сынаған "Масс-медиа туралы" заңға қол қойды. Ал "БАҚ туралы" және "Телерадиохабарларын тарату туралы" заңдар күшін жояды.
HRW мәлімдемесінде "Масс-медиа туралы" заңның оң тұстарын атап өткен: азаматтар ақпарат құралдарында жалған ақпарат немесе ар-намысқа нұқсан келтіретін ақпарат бойынша БАҚ-қа талап-арызды материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде бере алады (бұған дейін үш жыл болған). Редакцияның сауалдарына жауап беру мерзімі жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне қысқарды. "Журналисті құқықтық қорғауға бағытталған "журналистің ерекше мәртебесін" енгізу де оң өзгеріс болуы мүмкін".
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев "Масс-медиа туралы" заңға қол қойдыHRW жаңа заңдағы даулы баптарға да назар аударған.
Жаңа заң масс-медиаға бұқаралық ақпарат құралдарын ғана емес, интернет-басылымды да жатқызады. Интернет-басылым уәкілетті мемлекеттік органда тіркеліп, ел ішінде жұмыс істеуі тиіс.
Сонымен қатар шетел ақпарат құралдарының материалдарында "экстремизмді насихаттау" белгісі болса, билік шетел ақпарат құралын тіркеуден бас тарта алады. Ұйым бұл ереже билікке шетел журналистерінің жұмысына араласып, оны тоқтатуға мүмкіндік береді деп есептейді. HRW елде "экстремизм" туралы анықтама нақты емес, кең ауқымды екенін, бұл азаматтарды заңды мәлімдемелер үшін қудалап-жазалауға қолданылып жүргенін келтіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Реформа" ма, әлде "журналистерге кедергі" ме? Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына көзқарасЖаңа заң "тиісті аккредитациясы жоқ" шетел ақпарат құралдары мен шетел журналистерінің кәсіби қызметіне тыйым салады. Ұйым билік бұл ережені үкіметті сынайтын шетел журналистері мен ақпарат құралдарының аккредитациясын тоқтату, қайтарып алу немесе оны беруден бас тарту құралы ретінде қолдана алады дейді.
Ақпарат министрлігі масс-медиаға "қоғамның адамгершілік дамуына зиян келтіру және жалпыадамзаттық, мәдени, ұлттық және отбасылық құндылықтардың бұзылуына қатысты" мониторинг жүргізе алады. HRW бұл бап журналистердің өзіне-өзі цензура қоюына әкелуі және олар жаза алатын тақырыптарды шектеуі мүмкін деп жазады.
"Масс-медиа туралы" заң "елде сөз бостандығы мен БАҚ еркіндігіне қауіп төндіреді. Қазақстанның халықаралық серіктестері ел билігіне сөз бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындауды ескертіп, жаңа заңды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге шақыруы керек" дейді Хью Уильямсон.
Your browser doesn’t support HTML5
- Жаңа заңға сәйкес, қазақ тіліндегі теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемі 2027 жылға қарай кезең-кезеңімен 50-ден 60 пайызға дейін көтеріледі. Ал теле-, радиоэфирдегі шетелдік теле-, радиохабарларды кезең-кезеңімен 20-дан 10 пайызға дейін азайтады.
- БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік берілді.
- Жаңа заңға сәйкес, журналист өз міндеттерін орындау кезінде өмірге және (немесе) денсаулыққа зиян келтірген жағдайда "БАҚ иесі оған зиянды Қазақстан заңнамасында көзделген көлемде және тәртіппен өтеуге міндетті".
- Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Масс-медиа туралы" жаңа заң заман талабына сай қажет болды деп мәлімдеді.
- "Заң медиа саласы өкілдерінің, көпшілік қоғамның жан-жақты әрі кең ауқымды талқысынан өтті. Ол халыққа қызмет ететін маңызды құжат болады деп сенеміз" деп жазды Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.