Астана сотының сот алқасы экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымын қарап, үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді деп 24 жылға, ал Бишімбаевтың туысы Байжанов "қылмысты жастырды" деген айыппен 4 жылға сотталған. Осыдан соң Бишімбаев пен Байжанов Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі сотының 13 мамырдағы үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсірген.
Апелляциялық шағымды судьялар Шынар Ерғалиева, Нұрлан Баяхметов және Роза Нұрмұханова қарады. Сот қаулысының негізгі бөлімін төрағалық еткен Шынар Ерғалиева оқып, алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалғанын жариялады.
Апелляциялық сот отырысында Бишімбаевтың адвокаттары судья істі дұрыс жүргізбеді, алқабилер дұрыс таңдалмады деп, үкімді жоюды және істі қайта қарауды сұраған.
Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов бірінші сатыдағы сотта қорғаушы тарапқа дәлелдерді зерттеуге негізсіз рұқсат берілмеді деп мәлімдеді.
"Судья дауыс беру қорытындысымен танысуымызға тыйым салды. Мүмкін олар судьяның үкімінен өзгеше дауыс берген шығар" деді Ғазымжанов.
Ал Бишімбаев "Менің тарабыма және маған кінәмнің аздығын дәлелдеуге мүмкіндік бермеді. Істегі материалдардың көбімен танысуға да рұқсат етпеді. Шындық ешкімге керек емес екенін түсіндім. Шешім алдын ала шығып қойған екен. Маған тек адвокаттарымды қолдау ғана қалды" деді.
Байжановтың адвокаты Ғазиз Ынтықбаев алқабилерге қойылған сұрақтар бойынша наразылығын білдірді. Байжановтың адвокаттары оның кінәсі дәлелденбеді деп, істі жаңа сот қарауына жіберуді сұрады.
Жәбірленуші тараптың адвокаттары соттан апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмауды, Бишімбаев пен Байжановқа шыққан үкімдерді өзгертпеуді сұрады. Олар үкімді "әділ және дұрыс" деп санайды. Прокурорлар Бишімбаев пен Байжановтың адвокаттары айтқан шағымдар негізсіз, қисынсыз, назар аударатындай емес деп айтты. Олар үкімнің күшін жоюға және қайта қарауға негіз жоқ деді.
Апелляциялық соттың шешімінен соң Бишімбаевтың адвокатының бірі Назкен Құсайынова Жоғарғы сотқа шағымданатындарын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сот Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға түрме жазасына кестіБылтыр 9 қарашада Астанадағы BAU мейрамханасында Салтанат Нүкенова қаза тапқан. Оның өліміне күдікті ретінде күйеуі 44 жастағы Қуандық Бишімбаев ұсталған еді. Оқиға болған ресторан Бишімбаевтар отбасына тиесілі. Осы оқиғадан соң Бишімбаевқа Салтанат Нүкенованы "аса қатыгездікпен қасақана өлтірді" деген айып тағылса, Байжанов "қылмысты жасырды" деп ұсталған еді.
- 31 жастағы Салтанат Нүкенованың қазасы Қазақстанда жиі болатын құбылыс – әйелге әлімжеттік жасау мәселесін күн тәртібіне қайта шығарып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі пікірталасты күшейті. Құқық қорғаушылар әйелді кемсіту "барлық деңгейде" әлі жалғасып отырғанын айтады.
- Осы дау өршіген тұста құқық қорғаушылар Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап еткен. Парламент осы талаппен үндес заң жобасын қабылдап, 15 сәуір күні оған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ел арасында бұл заңды "Салтанат заңы" деп атай бастады.