Сенбі, 29 маусым күні Нигерияның солтүстік-шығысындағы Борно провинциясында бірден бірнеше жерде жанкештілер жарылыс жасаған. Үйлену тойы, жаназа, аурухана сияқты адам көп жиналған жерде белгісіз біреулер денесіне жасырған бомбаны жарып жіберген.
Жергілікті билік терактілерден кемінде 18 адам қаза тапты, арасында балалар мен жүкті әйелдер бар; 48 адам жараланды деп хабарлады. Нигерия баспасөзі мерт болғандар саны 30 адамға жетуі мүмкін деп есептейді.
Жергілікті төтенше жағдайлар агенттігі көпшілік орында өзін жарып жібергендердің барлығы – әйел адамдар деп хабарлады. Аймақтағы радикал топтардың ешбірі бұл жарылыстарға жауапкершілікті әзірше мойнына алған жоқ. Борно провинциясында комендант сағаты енгізіліп, қылмысқа қатысы барларды іздестіру шаралары жүріп жатыр.
Борно провинциясында 15 жылдан астам уақыт бойы "Боко харам" экстремистік тобы қылмыстық іс-қимылымен көзге түсіп келді. Бұл топ үнемі көп адам шоғырланған жерлерге, әсіресе мектептерге шабуыл жасауды және адамдарды, ең алдымен қыздарды ұрлап әкетуді әдетке айналдырған. "Боко харам" әйел білім алмауы керек деп санайды. Сонымен қатар, Борнода "Батыс Африканың Ислам мемлекеті" экстремистік тобы да белсенді әрекет етеді.