2 шілдеде Астанада белсенді Орынбасар Жәнібек өзін полиция бөлімшесіне апарғанын хабарлады. Оны "профилактикалық әңгімеден" кейін босатқан. Белсенді бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.
Ол кеше, 2 шілдеде WhatsApp-тағы чатта түстен кейін Қазақстан президентінен Киевте көз жұмған оппозиция белсендісі Айдос Садықовтың сүйегін Украинадан туған жері Ақтөбеге алып келіп, ақтық сапарға құрметпен шығарып салуды талап ететінін жазған.
Біраз уақыттан кейін Жәнібек жеке шаруасымен Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанда оны арнайы жасақ ұстап әкеткен.
"Бір адам қоңырау шалып, өзін Бауыржан деп таныстырды, Марат құдамның үйінде танысқанымызды айтты. Ол "үндеу жасайын деп жатыр екенсіз, мен де бірге жасайын деп едім, қай жердесіз?" деп сұрады. Бес минуттан кейін майор мен тағы бір адам келді. Үндеу туралы сұрады, ол менің конституциялық құқығым екенін айттым. 10-15 минуттан кейін автозакпен қара киімді арнайы жасақ келіп, мені Есіл аудандық полиция басқармасына апарды" деді Жәнібек Азаттыққа.
Полиция белсендінің мәлімдемесіне байланысты пікір бермеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық белсенді-журналист Айдос Садықов көз жұмдыКиевте қастандыққа ұшырап, 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан қазақстандық оппозиция белсендісі, "Бәсе" YouTube-арнасының негізін қалаушы журналист Айдос Садықов 2 шілдеде көз жұмды. Бұл туралы оның әйелі Наталья Садықова хабарлаған.
Украина бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа байланысты күдіктілерге тағылған айыпты "Адам өлтіруге оқталу" бабынан "Тапсырыс бойынша және топ болып адамды қасана өлтіру" бабына ауыстырды.
Оқиға болған кезде Айдос Садықовпен бірге болған, бірақ өзі жапа шекпеген әйелі Наталья Садықова бұл қылмысты Қазақстан билігі ұйымдастырды деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл – Садықовтар жүргізетін "Бәсе" арнасының видеолары үшін кек алу әрекеті.
Қастандық болған күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайтқа байланысты дипломаттар мен күштік құрылымдарға тапсырма бергенін, елдің ресми органдары "істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын" екенін мәлімдеген. Қазақстан бас прокуратурасы арнайы жедел іздестіру тобын құрып, тергеу бастағанын және қылмысты ашып, күдіктілерді ұстау мақсатындағы шараларды қолға алғанын хабарлаған.
Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында көлікте отырған кезінде атып кеткен. Қазақстанның екі азаматы – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев – Садықовқа қастандық жасады деп күдікке ілінген.
Украина прокурорының кеңсесі бұған дейін күдіктілер Киевке 2 маусымда Польша-Украина шекарасынан өтіп келіп, қылмыстан соң Молдова шекарасын кесіп, елден кетіп қалды деп хабарлаған.
Қазақстан билігі күдіктілердің бірі Жақанбаев 21 маусымда ішкі істер органдарына өз еркімен берілді деп хабарлаған. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз. Бас прокуратура оны іздеп жатқанын айтқан.
Парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Киевте оппозициялық белсенді Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті адамды Украинаға бермейді деп мәлімдеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әшімбаев: Астана Садықовқа жасалған қастандыққа күдіктіні Киевке бермейді
- Айдос Садықов 2010 жылға дейін сол кездегі "Азат" жалпы-ұлттық социал демократиялық партиясының Ақтөбе филиалының жетекшісі болды. Сол жылы ол бұл партиядан кетіп, "Гастат" аталатын қоғамдық қозғалыс құрды. Ол қозғалыс қытайлық "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясында тәуелсіз кәсіподақтардың құрылуына мұрындық болды. Садықов мұнайшылар құқығының бұзылмауын талап еткен акциялар өткізіп көзге түскен.
- Кейін Садықов та елден кетіп, әйелі Наталья Садықова екеуі Киевте тұрған. Олар Украинада босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты 2014 жылы "Бәсе" деп аталатын YouТube-арна ашып, билікті, ондағы жемқорлықты сынайтын видеолар жариялай бастаған.
- Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған.