Оппозициядағы лейбористер партиясы Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасына сайлауда жеңіске жетті. Бұл туралы 4 шілде кешкісін BBC сайты жариялаған экзитпол нәтижесінен белгілі болды.
Ipsos компаниясы жүргізген сауалнамаға сәйкес, лейбористер қауымдар палатасындағы 650 орынның 410-ын, яғни басым бөлігін алуы мүмкін. Үкіметті олардың жетекшісі Кир Стармер құрады деп жатыр.
Экзитполға сәйкес, 14 жыл билікте болған консерваторлар 131 орын алған, бұл сайлауалды сауалнамалар болжаған нәтижеден әлдеқайда көп.
Үшінші орында – либерал-демократтар, олар 61 мандатқа ие болуы мүмкін.
Парламентке Найджел Фарадждың "Реформа" партиясы (13 мандат) да өтеді. Шотланд ұлтшылдарының өкілдігі тек 10 орын алса, Уэльс ұлтшылдары 4 орын, Жасылдар партиясы 2 орынға ие болмақ.
Сайлау мажоритарлық жүйе бойынша өтті, округтерде кандидаттар арасындағы алшақтық үлкен болуы мүмкін, соңғы нәтижелер экзитпол нәтижесінен басқаша шығуы да мүмкін, бірақ лейбористер жеңісі алдын ала белгілі деуге болады. 5 шілдеде премьер-министр Риши Сунак ресми түрде қызметтен кетуі мүмкін.
Лейбористер сайлау кампаниясында Лондонның Украинаға саясаты өзгермейді, Ұлыбритания Киевті Ресеймен қақтығыста қолдауды жалғастырады деп мәлімдеген.