5 шілдеде Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында үш адам кәріз жүйесіндегі газдан уланып көз жұмды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады. Қаза болғандардың бірі – келісімшартпен жұмыс істеген әскери, екеуі – тұрғын.
Министрліктің ақпараты бойынша, оқиға әскери бөлім аумағындағы кәріз жүйесін тазалап жатқанда болған. "Шымкент аудандық пайдалану бөлімінің" жұмысшысы абайсызда құдыққа құлап кетіп, оған көмектесуге екі жұмысшы мен келісімшарттағы екі әскери барған. Олардың жағдайы нашарлап, жоғарыға қарай шыға алмаған.
Үш адам сол жерде көз жұмған, бір жұмысшы мен әскериді Арыс қаласындағы ауруханаға апарды деп хабарлады министрлік.
Осы оқиғаға байланысты ішкі істер министрлігі әскери-тергеу басқармасының Шымкенттегі бөлімі "Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу" (Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі) бабы бойынша тергеу бастады.