Украинаға Германиядан үшінші Patriot кешені жеткізілді

Украина президенті Владимир Зеленский Германия берген Patriot кешенінің жанында тұр, маусым 2024 жыл.

Украинаға Германиядан Patriot әуе шабуылынан қорғаныс кешені жеткізілді. Бұл жөнінде 6 шілдеде Германияның Киевтегі елшісі Мартин Егер X желісінде жазды. Кешен "Украина халқы мен инфрақұрылымын қорғауды" жақсартуға септігін тигізеді деді дипломат.

Берлин Украинаға үшінші Patriot беретінін сәуір айында айтқан. Киев батыстағы одақтастарын әуе шабуылы қорғанысын күшейтуге көмектесуге үндеп келеді. Президент Владимир Зеленский жуырда Украинаға осындай кемі жеті кешен керегін айтқан.

Басқыншылық басталғалы бері Ресей әскері Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарына ракета және дрондармен шабуылдап, айтарлықтай нұқсан келтірген. Соның салдарынан Киев электр энергиясын беруді қысқартып, Еуроодаққа энергия импорттауды азайтқан.

Киевке қару-жарақ беру жағынан Германия АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Patriot-тан бөлек, Берлин Украинаға артиллериялық жүйелер, бронды техника, танктер мен әуе шабуылы қорғаныс кешендерін жеткізген. Германия канцлері Олаф Шольц Украинаның әуе қорғанысын қолдау қажеттігін айтып, НАТО елдерін Украинаға әуе қорғанысы кешендерін жеткізуге күш салуға шақырған.

Әуе қорғаныс кешендерін жеткізу мәселесі келесі аптада Вашингтонда өтетін НАТО саммитінде қаралмақ.