Астанада белсенділер Айдос Садықовты еске алды. Жаңаөзенде полицияның бірнеше адамды ұстағаны хабарланды

Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болған белсенділердің бірі Жадыра Досекееваны полицияның ұстаған сәті. Жаңаөзен, 6 шілде 2024 жыл.

6 шілдеде Астанада бірнеше белсенді Киевте қастандықтан көз жұмған қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты еске алып, құран бағыштады.

Сенбі күні олар қаладағы "Нұр Астана" мешітіне барып, марқұмға құран бағыштады. Мешіттен шыққаннан кейін белсенділер өздерін видеоға түсіріп, Айдос Садықов жөнінде пікірлерін айтты. Әлеуметтік желіде тараған видеода бес белсендінің пікір айтып тұрғаны көрінеді.

– Кеше Киевте қайтыс болған, ел үшін, ұлт үшін, отан үшін деп жүріп, осы елімізде қалай әділетті заман орнатамыз деп шырылдап келген Айдос Садықов қазақ халқына қарсы жұмыс істеген жауыздардың қолынан қаза тапты. Уақыт бәрін ашады. Не дейміз, осыған тапсырыс бергендер және соны орындағандарға халық атынан қарғыс атсын дейміз. Бірақ [ерте ме, кеш пе] әділет орнайды, халықтың көзі ашылды, ақ-қарасы ертең ашылады. Билік осы сияқты азаматымызды туған еліне алдырта ма деп үміттеніп едік. Әлі де ойланатын шығар. Әке-шешесінің жанында көмілгені жақсы болар еді. Айдостың артында миллиондаған жақтасы бар. Тезірек әділетті заманға жетейік, – деді видеода сөйлеген азаматтардың бірі Нағызхан Төлеубаев.

Тағы бір азамат Украина астанасында Айдос Садықовпен қоштасу рәсімін ұйымдастырған Қырым татарларына алғыс білдірді.

- Қырым татарларына қазақ халқының атынан алғыс айтамыз. Қошаметпен ақтық сапарға шығарып салды. Қырым татарларының үлкен басшылары бар екен. Соларға алғыс айтамыз. Айдос Садықовтың 40 күндік асы 15 тамызда екен. Енді сол қырық күндік асын дұрыстап атқаруымыз керек, – деді видеода сөйлеген азаматтардың бірі.

Ал сенбі күні Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болып, қала орталығындағы 1989 жылғы көтеріліске арнап қойылған ескерткіш маңына жиналған он шақты адамды полиция ұстап әкеткен. Бұл жөнінде Азаттыққа мұнайшы Естай Қарашаев хабарлады. (Кей ақпаратқа қарағанда, ұсталғандардың саны 20-дан асуы мүмкін, әзірге ресми түрде расталмады).

Сенбі күні күндіз Азаттыққа келіп түскен төмендегі видеода полицияның белсенді Жадыра Досекееваны күшпен ұстап жатқаны көрінеді.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

6 шілдеде Азаттық тілшісі Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына хабарласты. Телефон тұтқасын алған өзін Мейіржан Есіркепов деп таныстырған қызметкер "белсенділердің ұсталғаны жөнінде ақпарат бере алмайтынын, хат жазу керектігін" айтты. Маңғыстау облыстық полицияның баспасөз хатшылары телефон тұтқасын көтерген жоқ.

Естай Қарашаевтың сөзінше, Мұратбай Жұмағазиев, Айнұр Өтегенова, Жоламан Сейілов, Алма Қарашаева, Шолпан Өтекешова, Жадыра Досекеева және тағы бірнеше адам Жаңаөзен іргесіндегі Теңге ауылдық полиция бөлімшесіне жеткізілген. Үш сағаттан астам уақыттан кейін полиция белсенділерге ескерту жасап, босатқан. Бұған дейін белсенді Жадыра Досекееваның үстінен "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы (488-бап, 12-бөлігі) бойынша хаттама толтырылғаны, сот өтетіні хабарланған еді. Ақпаратқа қарағанда, кейінірек ештеңе түсіндірместен оны үйіне жеткізген. Sud.kz сайтында әзірге бұл іс жөнінде мәлімет тіркелмеді.

  • Қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде көз жұмды.
  • Украина бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деді, олар – Қазақстан азаматы. Күдіктілер қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы олардың 19 маусымда Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып шыққанын жазды. Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтты. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.
  • Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Қастандық болған күні "Бәсе" арнасында "Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттердің қуыршағына айналды" деген видео жариялаған. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. 21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлаған.
  • Садықовтар Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевтен "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.