Тоқаев: Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келіссөзге өз алаңымызды ұсынуға дайынбыз

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатқан Шушадағы ғимарат.

Астана Баку мен Ереван арасындағы бейбіт келіссөз жүргізу үшін өз алаңын ұсынуға дайын. 6 шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті кезінде осылай деп мәлімдеді.

"Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бейбітшілік орнатуға бағытталған оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Біз татулыққа бастайтын қадамдарды барынша құптаймыз. Баку мен Ереван арасында бейбіт келіссөздер жүргізу үшін өз алаңымызды ұсынуға әрдайым дайынбыз" деді Қазақстан президенті.

Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті Таулы Қарабақтағы Шуша қаласында өтіп жатыр. Әзербайжан бұл аумақты 2020 жылы Армениядан қайтарған. 2023 жылы Баку әскери қимылдар барысында Таулы Қарабақ аумағының айтарлықтай бөлігін қайтарған. Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының бұрынғы басшыларын Әзербайжан билігі қамауға алған.

Әзербайжан мен Армения 1980 жылдың соңынан бері қақтығысып келді. Екі ел арасындағы қақтығыс 1994 жылы аяқталғанымен, шекара мен Таулы Қарабақ мәселесі шешілмей қалған. Әзербайжан аумағындағы Таулы Қарабақта көбіне армяндар тұрған, соғыс кезінде бұл аймақ Бакуден тәуелсіздігін жариялап алған.

Бұл аймақ үшін екі ел арасында 1994 жылдан кейін де бірнеше рет қақтығыс болды. 2020 жылы күздегі әскери қақтығыстан соң Әзербайжан Таулы Қарабақтың бір бөлігін қайтарып алған. Ал 2023 жылы толық бағындырды. Қарабақта тұратын 100 мыңнан аса армян Арменияға көшкен.

Баку мен Ереван арасында келіссөз биыл мамырда Қазақстанда өткен. Оның алдында екі апта бұрын Тоқаев Арменияға сапарлаған.

  • Шушадағы түркі мемлекеттері ұйымының саммитінің тақырыбы "Көлік, коммуникация және климаттық өзгерістерді бақылау арқылы баянды болашақ құру" деп айтылды. Қатысушылар көлік байланысын нығайтуды атап айтқанда, Ресейді айналып өтіп, Қытай мен Еуропаны Каспий арқылы жалғайтын Орта дәліз мәселесін талқылап жатыр.
  • Шушадағы саммитке Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркияның вице-президенті Жевдет Йылмаз, ұйымның бас хатшысы Кубанышбек Өмірәлиев, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Солтүстік Кипр Түрік республикасының президенті Ерсін Татар (ұйымға бақылаушы ретінде) қатысып жатыр.
  • Ақпарат құралдарының жазуынша, Түркия президенті Режеп Ердоған Еурочемпионаттың ширек финалына шыққан Түркия мен Нидерланды футболшылары арасындағы ойынды көру үшін саммитке қатысудан бас тартқан. Футбол 6 шілдеде Берлинде өтеді.