Франциядағы сайлау: Макронның жақтастары - екінші, әсіре ұлтшыл Ле Пеннің бастамасы үшінші орын алды

Францияда жексенбі күні парламент сайлауының екінші туры өтіп, президент Эммануэль Макронды қолдайтын "Бірге Республика үшін" блогы парламенттегі көп орыннан айырылды. Мандаттар саны бойынша бұл блогты "Халықтың жаңа фронты" солшыл партиялар альянсы озды. Ал Марин Ле Пеннің әсіре ұлтшыл "Ұлттық бірлестігі" үшінші орында тұр.

Сайлаудың бірінші турынан кейін Ле Пеннің бірлестігі алға шыққан, осыдан соң солшылдардың қатарынан 200-дей кандидат әсіре оңшылдардың жеңуіне мүмкіндік бермес үшін сайлаудан шыққан еді. Осылайша олар халықты солшылдарға дауыс беруге шақырған.

Le Monde басылымы жариялаған алдын ала нәтиже бойынша, "Халықтың жаңа фронты" 171-ден 187 орынға дейін, "Бірге Республика үшін" блогы 152-орыннан 174-орынға дейін, ал "Ұлттық бірлестік" 134-тен 152 орынға дейін алады.

Франция премьері Габриэль Атталь президент Макронға отставкаға кетуге дайын екенін білдірген. Макрон бірақ Аттальдың өтінішін қабылдамағаны хабарланды.

Президент Эммануэль Макрон Еуропарламент сайлауының нәтижесінен соң ұлттық жиынды таратып, кезектен тыс парламент сайлауын жариялаған. Еуропарламент сайлауында Ле Пеннің қозғалысы жеңген еді.

Екінші турда сайлаушылардың 67,1 пайызы дауыс берді деп болжайды BFM TV. Бұл 1997 жылдан бергі ең жоғарғы нәтиже болуы мүмкін. 1997 жылы президент Жак Ширак парламентті таратқан соң өткен сайлауға 71,1 пайыз сайлауды дауыс берген еді.