9 шілдеге қараған түні Ресейдің Белгород облысында дрон шабуылынан төрт адам қаза тауып, тағы 20 адам жараланды. Бұл туралы облыстың губернаторы Вячеслав Гладков хабарлады.
Оның айтуынша, Украинамен шекараға жақын аймақтағы бірнеше қала мен ауылға шабуыл жасалған: Белгород, Шебекино, Новая Таволжанка, Дроновка және басқалары. Шабуылдан 60 үй мен 160 пәтер қираған, 140 көлік бүлінген, электр сымдары үзілген деді Гладков.
9 шілдеге қараған түні Ростов, Воронеж, Астрахан, Курск және Волгоград облыстарына да дрондар шабуылдағаны туралы айтылды.
"Түнгі сағат екіде Ростов облысына дрондар жаппай шабуылды бастады" деп жазды губернатор Василий Голубев телеграм-арнасында.
Оның айтуынша, әуе қорғанысы күштері ондаған дронды жойған. Родионово–Несветай ауданында екі трансформатор өртенген, зардап шеккендер жоқ деді Голубев.
Волгоград облысындағы Калач-на-Дону қаласына бірнеше дрон шабуыл жасаған. Салдарынан мұнай базасы мен қосалқы станцияда өрт шықты деп хабарлады аймақ губернаторы Андрей Бочаров.
Оның айтуынша, станциядағы өртті бірден сөндірген, мұнай базасындағы өрт шыққан жерде қызметкерлер жұмыс істеп жатыр, үйлерге қауіп жоқ.
Mash телеграм-арнасының мәліметінше, мұнай базасына кем дегенде бес дрон шабуыл жасаған. Shot телеграм-арнасы таңғы сағат төртте мұнай базасы аймағында ондаған жарылыс даусы естілгенін жазды.
Астрахан облысында жаппай шабуылдаған дрондар "сәтті тойтарылды" деді губернатор Игорь Бабушкин. Оның сөзінше, зардап шеккендер жоқ.
Дрон шабуылынан кейін Волгоград және Астрахан әуежайларында ұшақтарды қабылдауға және ұшыруға шектеулер енгізілді.
Воронеж аймағына да дрондар шабуыл жасауға тырысқан. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, олардың бәрі жойылған.
9 шілдеге қараған түні Курск облысында әуе қорғанысы күштері Украинаның төрт дронын атып түсірді деп хабарлады губернатор міндетін уақытша атқарушы.
Кейін Ресей қорғаныс министрлігі Ростов облысы аумағында бір түнде 21 дрон, Астрахан облысында 5, Курск облысында 7, Белгородта 3 және Воронеж облысында 2 дронды қағып түсіргенін хабарлады.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Ресейдің бірқатар аймақтары тұрақты түрде атқыланып, дрондар шабуылына ұшырап келеді. Ресейдің қорғаныс министрлігі Украина шабуылының "жолын кескенін" хабарлап, Ресей аумақтарында ракета және дрондарды атып түсіргенін жариялап келеді. Адам өлімі де тіркелген, ғимараттар бүлінген. Киев әдетте мұндай ақпараттарға түсініктеме бермейді.