Ақтөбе облысының полициясы неонацистер ұранын айтып, балаларға бұрышты спрей шашқан жасөспірімді ұстағанын хабарлады.
Өткен аптада желіде Ақтөбеде көпірден өтіп бара жатқан жасөспірімнің сонда тұрған екі балаға бұрышты спрей шашып, "ешкімді айыптауды сұрамаймыз, бір-төрт-сегіз-сегіз" деп айтқан видеосы тарады. Оқиға 6 шілдеде Ақтөбенің Құрмыш ауданында болған.
Жергілікті және ресейлік ақпарат құралдары бұл сандар (14/88) неонацистер мен ақ ұлтшылдардың ұраны екенін, оны сәлемдескенде және белгі ретінде қолданады деп жазды.
Бастапқыда бұл оқиға Ресейдің Саратов қаласында болған деп айтылды, бірақ кейін оның Ақтөбеде болғаны белгілі болды. Ақтөбе облысының полициясы "Бұзақылық" бабы бойынша тексеру бастады. Күдіктіні Қазақстан мен Ресей шекарасынан өтпек болған кезде ұстаған.
Облыстық полиция департаменті жасөспірімді уақытша ұстау изоляторына қамаған сәтті видеоға түсірген, оны желідегі парақшасында жариялады.
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша, зардап шеккен балаларға жедел жәрдем шақырмаған, олар дәрігер көмегіне жүгінбеген. Аты-жөнін атағысы келмеген Ақтөбе тұрғыны жасөспірім бұрышты спрей шашқан баланың бірі 11 жаста, екіншісі 13-те деп хабарлады. Оның айтуынша, екеуі де аман-есен.
Ресей ішкі істер министрлігінің Саратов облысы бойынша бас басқармасы 16 жастағы Қазақстан тумасы күдікке ілінгенін хабарлады. Жасөспірімнің Саратов облысында бірге тұратын анасын полицияға шақырған. Ақпаратқа қарағанда, жасөспірім жазғы демалысында Қазақстанда тұратын әкесіне келген. Саратовтағы басқарма жасөспірім оралған соң полиция қызметкерлері онымен профилактикалық жұмыс жүргізеді деп хабарлады.