Ақтауда алаңға плакатпен шықпақ болған белсенді ұсталды

Белсенді Жадыра Досекеева

9 шілдеде Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында үш белсенді ұсталды: Жадыра Досекеева, Назгүл Өскенбаева және Бота есімді тұрғын. Олар полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бірнеше сағаттан кейін босатылды.

Бұл жөнінде сейсенбі күні Азаттыққа белсенділер хабарлады. Полициядан шыққаннан кейін Жадыра Досекеева да мән-жайды баяндады.

Ақпаратқа қарағанда, белсенділерді полиция сейсенбі күні түске дейін қаладағы "Ынтымақ" алаңы маңынан ұстап әкеткен. Олар "тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң" және жастар арасындағы жұмыссыздық, қымбатшылық туралы айтпақ болған. Досекееваның сөзінше, олар митинг өткізетіні жөнінде әкімдікке ескерту бермеген.

—Біз бірден шықтық. Олардың акция өткізуге рұқсат бермейтіні анық қой. Бізді ұстап, қазір ғана босатты. Ешқандай қағаз толтырған жоқ, – деді Досекеева Азаттыққа полиция бөлімшесінен шыққаннан кейін.

Полиция белсенділердің плакаттарын тәркілеген.

Азаттық 9 шілдеде полицияға хабарласты. Маңғыстау облысының полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева белсенділердің ұсталуы жөнінде ақпаратты "анықтап көретінін" жеткізді. Жаңалық шыққанға дейін жауап келген жоқ.

Бірнеше күн бұрын Жадыра Досекееваны полиция Жаңаөзенде да күштеп ұстап әкеткен еді. Ол кезде онымен бірге тағы он шақты адам Айдос Садықовты еске алмақ болып, қала орталығындағы 1989 жылғы көтеріліске арнап қойылған ескерткіш маңына жиналған. Азаттыққа түскен видеода полицияның белсенді Досекееваны күшпен ұстап жатқаны көрінеді. Полиция белсенділерді ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатқан.

15 сәуірде Қазақстан билігі әйел құқығын қорғау және олардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа заң қабылдаған. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы заңды сынап, жаңа заң әлі әйелді аңду-торудан, қорқытып-үркітуден, экономикалық және психологиялық қысымнан қорғай алмайды деп есептейтінін мәлімдеген.