Қарағанды облысы Долинка поселкасындағы N31 колониядағы тұтқындардың туыстары "түрмеде жақындары азаптауға ұшырады" деген ақпаратқа алаңдап отыр.
Күйеуінің аталған түрмеде отырғанын айтқан Ақтау тұрғынының сөзінше, оған өткен апта соңында түрмедегі азаптау жайлы видео келіп түскен.
– Онда азаптап жатқаны анық көрініп тұр. Екі әскери қызметкер, екі арнайы жасақ өкілі тұр. Менің жолдасым тұр. Соны ұрып-соғып жатыр. Анық көрінеді. Ол жерде бастықтары да бар. Қорлайды. Ішінен түсірілген видео, – дейді ол.
Ол видеоны әзірге ақпарат құралдарына жібере алмайтынын жеткізді.
Оның сөзінше, туыстарының жағдайына алаңдаған ақтаулық алты әйел өткен демалыс күндері Долинка түрмесіне барған. Алайда түрме әкімшілігі өкілдері түрмеге жаңадан келген тұтқындар карантинде екенін айтып, тек 18 шілде ғана карантиннен шығатынын айтқан.
Ата-аналар талабынан кейін түрме әкімшілігі оларға 20-дан астам тұтқынды скайппен көрсетіп, сөйлестірген.
"Өздеріңізге қатысы жоқ балаларды қарамай қойсаңыздар дейді. "Жоқ, біз қараймыз" дедік. Ертеңгі күні бүкіл маңғыстаулықтар туыстарымызды көреміз деп келеді дегеннен кейін көрсетті. Бірінің денесі ісіген, тұра алмай тұрғаны да бар, қол-тамырын кескені бар, қолдары бинтпен маталған. Өз көзіммен көрдім, Енді оларға ештеңе айтқызбайды ғой. Рациядан бұйрық беріп отыр: қолын көтерсін, аяғын көтерсін деп. Кей балалар аяқтарын да көтере алмай тұр ғой" дейді әйел.
Долинка түрмесіне барған алты әйелдің арасында Ақтау тұрғыны Маусымжан Самақова да бар. Оның інісі сол түрмеге жаңадан түскен. Ол да скайппен інісін көрген.
"Скайптың сапасы өте нашар. Қап-қара. Жөнді көрінбейді. Бізге "алаңдамай қойыңдар" дейді. Бірақ оларға ештеңе айтқызбайды ғой" дейді Маусымжан Самақова Азаттыққа.
Өткен демалыс күндері әлеуметтік желіде тараған видеолардың бірінде бірнеше әйел Астанада бас прокуратура алдында сөйлеп тұрғаны көрінеді.
"N31 мекемеде Долинкада қазір азаптау жүріп жатыр. Кеше Маңғыстаудан келген 25 баланы [азаптаған]. Олар 18 [маусымда] шықты Маңғыстау облысынан. 3 [шілдеде] N31 мекемеге алып барады. Екі күннен кейін азаптай бастайды. Міне, аяқтарына вилка тығып (телефоннан скриншот көрсетеді)... міне, бұл нақты дәлел ғой. Прокурор барып, "ешқандай претензиямыз жоқ" деп жаздыртып алған көрінеді" дейді видеода әйелдердің бірі.
Алты әйел бұған дейін Астанадағы қылмыстық атқару жүйесі комитеті, бас прокуратураға барған. Әзірге, олар туыстарын бетпе-бет көре алмаған.
"Бас прокуратураның өкілі "менен күйеуіңізді көрдіңіз бе" деп сұрайды, "скайппен ғана көрсетті, көңіліміз толмайды" дедім... Оларды аяғынан ұрған, шанышқы тыққан, тамырлары көгеріп кеткен. Беттерінен ұрған. Аяқ киіммен басқан" деді ақтаулық әйелдердің бірі.
10 шілдеде Азаттық тілшісі ашық дереккөздерде көрсетілген нөмірлер арқылы Долинка түрмесіне хабарласып көрді. Телефон қоңырауы барғанмен тұтқаны ешкім көтермеді. Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің тәрбие бөлімінің қызметкері Мұхаммед Уматов Азаттық тілшісіне түстен кейін хабарласуды өтінді.
Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі 10 шілде кешке қарай Азаттыққа төмендегідей хабарлама жіберді.
"Бұл мекемеге облыстық прокуратураның, қоғамдық бақылау комиссиясының өкілдері, сондай-ақ облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері келді. Сотталғандарды физикалық тексеру кезінде дене жарақаттары табылмады. Мекемедегі ахуал тұрақты. Тексеру жүргізілуде. Бұл ретте қылмыстық атқару жүйесі комитеті жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді" деп жазылған хабарламада.
Жақындарының жағдайына алаңдаған тұтқындардың туыстары оларды бетпе-бет көрсетуді талап етіп отыр.
- Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде азаптау әлі күнге дейін тыйылмай отырғанын айтады. Жуырда Халықаралық азаптау құрбандарын қолдау күні қарсаңында бірнеше құқық қорғау ұйымы Орталық Азия елдерінің үкіметтерін азаптауға нүкте қоятын нақты шаралар қолдануға шақырған. Қазақстан мен Тәжікстандағы азаптауға қарсы коалиция, Францияда орналасқан Орталық Азиядағы адам құқығы қауымдастығы, Австриядағы Түркімен адам құқығы бастамасы, Адам құқығы бойынша Хельсинки қоры мәлімдемелерінде "Орталық Азияда азаптау әлі де кең таралған" деп жазды. Құқық қорғау ұйымдары мәлімдемесінде Орталық Азия елдерінде азаптауға қатысты кейбір оң қадамдар жасалса да, заң қағаз жүзінде өзгерсе де, бұл шараларды тиімді түрде жүзеге асырылмай жатқанын айтады.