Сот "билікті басып алуға үндеді" деп айыпталған бірнеше адамның үкімін өзгертпеді

"Билікті күшпен басып алуға үндеді" деп айыпталған бірнеше адамның біріні инстанциядағы соты. Ақпан айы 2024 жыл.

Апелляциялық сот "билікті күшпен басып алуға үндеді" деп айыпталған бірнеше адамның үкімін өзгертпеді. Бұл жөнінде Qaharman құқық қорғау тобы мен "Белсенділер экстремист емес" телеграм-арнасы бүгін хабарлап, соттың шешімі 27 маусымда шыққанын жазды.

Адвокаттардың хабарлауынша, сотқа адвокаттар және сотталушылар да қатыспаған. Адвокат сот жөнінде бүгін, 10 шілдеде ғана естіген.

7 наурызда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алты адамды 5-6 жыл түрмеге кескен, тағы біріне шартты жаза берген.

Қаңтар айында жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыларға 15 жыл түрме жазасын сұраған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, жеті сотталушының бірі – Ақылжан Қисымбаев пен Олжас Құлжаханов колонияға этаппен жіберілген.

Бағдагүл Андреева мен Сағынкүл Қонарға "билікті басып алуға жария түрде үндеді" және "экстремистік топты құрды немесе оның ісіне қатысты", "жаппай наразылық ұйымдастырды" деген айыптар тағылды.

Ақылжан Қисымбаев, Олжас Құлжаханов, Теңлік Нұрланов, Ержан Төреқұловқа жоғарыда аталған айыптардан бөлек "заңсыз қару-жарақ, жарылғыш заттар ұстады, сақтады, тасымалдады" деген айыптар тағылды.

Тағы бір айыпталушы Айдос Иліпбаев "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталды. Одан өзгесі ұсталғаннан кейін тергеу изоляторында қамауда болды. Ал Иліпбаевтің тергеу кезінде тағылған айыптарды мойындағаны хабарланды. Ал қалған алты адам тағылған айыптармен келіспеді.

Сот процесінде айыпталушылар "Ақордаға танкпен бармақ болды", "билікті басып алу мақсатында тәртіпсіздік жасады және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетті" деп айтылды.

Процесті бақылаған құқық қорғаушылар мен байқаушылар айыпталушылардың кінәсі іс материалдарымен дәлелденбегенін, ал тағылған айыптар күмән тудыратынын айтқан. Ақпан айында жарыссөз кезінде айыпталушылардың адвокаттары оларды ақтауды сұраған.

2022 жылы күзде президент сайлауы қарсаңында ұлттық қауіпсіздік комитеті сайлау күні билікті басып алмақ болды деп 7 адамды ұстағанын мәлімдеген. Ұсталғандарды шетелде тұратын банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауғандар, тыйым салынған ҚДТ мен "Көше партиясын" қолдаушылар, криминалдар" деп сипаттаған. Өзге ақпаратты қылмыстық кодекске сілтеп, құпия қалдырған. Ал Әблязов сол кезде мұны "биліктің қорқынышы" деп атаған. Ұсталғандардың туыстары бұл айыптауға сенбей, оларды босатуды талап еткен.

Қазақстан билігі экстремистік деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент қарарында "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Трактормен – Ақордаға". "Билікті басып алмақ болды" деп айыпталған жеті адамға үкім оқылды