10 шілдеде Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында екі "саяси тұтқын" - Данат Намазбаев (алғашқы инстанция) пен Қайрат Қылышевтың (апелляциялық сот) өтініштері бойынша сот өтті. Сот екеуінің де өтініштерін орындамады. Бұл жөнінде Азаттыққа олардың адвокаты Жанара Балғабаева хабарлады.
Қапшағай қалалық соты 23 мамырда белсенді Қайрат Қылышевтың түрмеден ерте босап шығу туралы өтінішін орындамай, қорғау жағы шешімді апелляцияға берген. Сәрсенбі күні апелляциялық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.
"Апелляцияның Қылышевтың өтінішін орындаудан бас тартуын заңсыз деп санаймын. Себебі бұл өтініш орындалуы үшін екі шарт орындалуы керек еді, бұл шарттар орындалса, бітті, қосымша басқа ештеңе керек жоқ. Бірінші шарт – айыппұлдар мен қарыздардың бәрі төленуі керек, екінші шарт – қатаң ережебұзу болмауы керек. Қылышевта бұл екі шарт та орындалған. Бірақ сот "біз оған бұған дейін сенім артқанбыз, алайда ол қайтып келді" деп өтінішті орындамады" дейді Жанара Балғабаева.
Қайрат Қылышевтың түрме жазасы 5 айдан кейін бітеді. Сотқа Қайрат Қылышев қатыспаған.
Адвокаттың сөзінше, сәрсенбі күні Қонаев қалалық соты Данат Намазбаевтың жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Адвокаттың айтуынша, Данат Намазбаев сотқа өтініш түсірген кезде онда аяқ астынан "айыппұлдар" пайда бола бастаған. Адвокат мұны кездейсоқтық деп санамайды.
"Бірінші ретте – "асханаға бармағаны үшін", екінші ретте "тиісті емес уақытта жатқаны үшін" оған ескерту берілген. Бұл тұста атап өтетін нәрсе, түрмеде барлығы да жүреді, жатады, тұрады. Бұл ойдан шығарылған ескерту деп санаймын. Бірақ мұның өзі де қатаң ережебұзу емес, ол ескерту ғана. Бастысы жоғарыда айтылған екі шарт орындалса болғаны. Менің ойымша, бұл оны шығармау үшін жасалып жатқан нәрсе сияқты. Данаттың өзі де сотқа қатысып, өзін қорғады, өзін саяси себеппен қудалап отырғанын айтты" деді Жанара Балғабаева.
Адвокаттың сөзінше, Заречный түрмесінде отырған Данат Намазбаевтың қазір денсаулығы нашарлаған, көру қабілеті төмендеген.
– Оның көзін емдетуге қол жеткізе алмай келемін. Оның көру қабілеті төмендеген. Данат мекемеде емделгісі келмейді, себебі ол түрмеден ертерек шығып, сонымен толық айналысамын деп үміттенген. Бірақ ол көру қабілетінен айырылмасын, мекеме ішінде болса да емделе берсін деген ниетпен соған күш салдым, алайда оған ешқандай көмек берілмейді. Ол жақта одан "медициналық көмекке зәру емеспін" деген өтініш жазғызып алған. Оның өзге де жерлері ауырады" деді Жанара Балғабаева.
- Белсенді Қайрат Қылышев 2021 жылы 11 қазанда "тыйым салынған ұйым жұмысын ұйымдастырды және оған араласты" деген айыппен (405-бап, 1, 2-бөліктері) бес жылға бас бостандығынан айырылған. Қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты түрлі акцияға қатысып жүрген белсендіні тыйым салынған, тіркелмеген "Көше" партиясын құруға араласты деп айыптаған еді. Қазақстан билігі бұл ұйымды оппозициялық саясаткер, экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен байланыстырады. Екеуін де Қазақстан билігі экстремистік ұйым деп таныған. Бірақ Еуропарламент екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атайды. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтып, Қайрат Қылышевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. 2022 жылы көктемде сот Қайрат Қылышевтің қалған жазасын шарттыға ауыстыру туралы өтінішін орындап, белсенді қамаудан шыққан еді. Алайда былтыр маусымда сот "пробацияны бұзды" деген айыппен Қылышевты қайта түрмеге ауыстырған.
- 2022 жылы наурызда Алматы соты "билікті басып алуға жария түрде үндеді" деп айыпталған Данат Намазбаевты бес жылға соттаған еді. Сот ақпаратында Намазбаев "2018 жылдан бастап әлеуметтік желідегі парақтарында ұлтаралық және әлеуметтік араздық қоздыратын, орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялаған" деп жазылған. Істің саясиланғанын айтқан құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын деп таныған.