"Семей орманы" бөлімшесінің директоры жымқыру күдігімен ұсталды

Абай облысында орман ағаштарын ұрлады деп күдікке ілінген қылмыстық топ анықталды деп хабарлады Polisia.kz сайты.

"9 шілдеде Абай облысының аумағында ІІМ және ҰҚК жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен “Семей орманы” мемлекеттік орман табиғи резерваты филиалдарының бірінің директорының басшылығымен әрекет еткен қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды" деп жазылған полиция хабарламасында.

Хабарламаға қарағанда, полицияға 20-дан астам адам жеткізілген. Тінту жүргізілген. Ұрланған ағаштардың ондаған текше метрі, ағаш өңдеу станоктары, ақша және құжаттар тәркіленгені хабарланды.

"Бөлімше директоры мен қылмысқа қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды" деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

ІІМ тергеу құпиялылығын алға тартып, қандай бөлімше екенін, өзге де жай-жапсарын жазбаған.

Департамент өкілінің сөзінше, аталған қылмыстық топтың лауазымдық өкілетті асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру, жалған құжат жасау фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Былтыр жазда Абай облысында "Семей орманы" резерватына тиесілі мыңдаған гектар орман өртенген. Өрттен 14 адам қаза болды. Қаза болған тағы бір адам – тракторист туыстарының сөзінше, ол да өртті сөндіруге атсалысқан. Барлығы да орман шаруашылығының қызметкерлері. Тиісті құралдармен жабдықталмаған жұмысшылар өртпен күрескен. Экология министрлігі сол кезде табиғатты қорғау мекемелері материалдық-техникалық тұрғыда нашар жабдықталғанын айтқан.

Биыл мамырда Бородулиха аудандық соты "Семей орманы" резерватының екі қызметкерін байқаусызда 14 адамның өліміне соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін жеті жыл түрмеге кескен. Айыпталушылардың бірі – директор міндетін атқарушы Мұрат Қарымовтың осы қызметке келгеніне бір ай да толмаған.

Ірі өрттен кейін билік орман ағаштарын заңсыз кесу, ұрлау мен осы саладағы қылмыстық топтардың жолын кесу шаралары күшейгенін хабарлаған.

Қаңтар айында Павлодар облысында тергеу дерегінше, "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының директоры жетекшілік еткен топ ұсталған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осы мекеменің директоры және қылмысқа қатысы бар өзге адамдарға қатысты қылмыстық топ құру, басқару және оған қатысу ісі бойынша іс тергеліп жатыр.