Айдос Садықовқа жасалған қастандық: күдіктінің жүргізуші куәлігінің суреті жарияланды

"Бәсе" арнасынан алынған видеоның скриншоты.

"Бәсе" телеграм-арнасы Киевте қастандықтан көз жұмған оппозициялық журналист, белсенді Айдос Садықовтың қазасына күдікті Алтай Жақанбаевқа тиесілі делінген жүргізуші куәліктің суретін жариялады. Румыниялық құжатта жүргізушінің аты-жөні "Алекс Ким" деп көрсетілген.

Ақпаратқа қарағанда, Жақанбаев бұл құжатты Киевте жалдаған пәтер иесіне көрсеткен. Садықовтың әйелі Наталья Садықова пәтер иесімен сөйлескенін айтып, аудиожазба жариялады.

«Республика» сайтының болжамынша, Жақанбаев Украинада басқа біреудің атын жамылған болуы мүмкін және оған тиесілі делінген жүргізуші куәлігі жалған болуы ықтимал. Құжаттағы ID, жүргізушінің есімі өтірік, Румынияның құжат тексеретін сайтында ондай адамның аты-жөні жоқ болып шыққан.

Одан бөлек, басылымның жазуынша, Киевтегі Гаврилишин көшесіндегі аталған пәтерді бастапқыда Азиз Ахметов (Aziz Akhmetov) есімді адам жалға алған.

  • Қазақстандық оппозициялық блогер, журналист, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде көз жұмды. Марқұм 5 шілдеде Киевтегі мұсылмандар зиратына жерленді.
  • Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қатысты істе екі күдікті барын хабарлады: Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев. Екеуі де Қазақстан азаматы. Күдіктілер қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы олардың 19 маусымда Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып шыққанын жазды. Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтты. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.
  • Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жіберген ресми жауабында (жауап 10 шілдеде түсті) "қазіргі кезде тиісті тергеу амалдары жүріп жатыр, Украинаның уәкілетті органдарына құқықтық көмек көрсету жөнінде өтініш-хат та жолданды" деп жазылған. Ведомство өкілдерінің сөзінше, "тергеу құпиялылығына" байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
  • Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Қастандық болған күні "Бәсе" арнасында "Қазақстан президенті Ресей ықпалындағы агенттердің қуыршағына айналды" деген видео жариялаған. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. 21 маусымда Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Садықовқа жасалған қастандық бойынша тергеуді "жіті бақылап отыр" деп хабарлаған.
  • Садықовтар Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевтен "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.
  • Румыния 2007 жылдан бері Еуроодаққа мүше. 2024 жылы 31 наурызда Румыния шекарадағы тексерістерден өтпей ақ 29 елге саяхаттауға мүмкіндік беретін Шенген визасыз кеңістігіне қосылған. 2007 жылдан бері Шенгенге Польша да қосылды.