Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының іргесінде салынып жатқан алтын өндіретін фабриканың аумағына "заңсыз кіріп, қызметкерлерге күш көрсетті, компания мүлкін бүлдірді" деп айыпталған 6 адамға қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтады. Істі қараған Шығыс Қазақстан облысы Самар аудандық сотының судьясы бүгін, 11 шілдеде осындай шешім шығарды.
8 мамырдан бері Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған 4 адам мен үйқамақта отырған 2 адам бірден сот залынан бостандыққа шықты.
Оларға сот процесі барысында жәбірленуші тарап, яғни компания қызметкерлері "кешірім берген". Кәсіпорынға келген шығын сомасы деп көрсеткен 6 млн теңге шамасындағы қаражатты алудан да бас тартты. Бұған дейін, 3 шілдедегі сот отырысында айыпталушылар істеген істерін "мойындайтынын" айтып кешірім сұраған, сол кезде судья екі жақтың адамдарына татуласуға уақыт берген.
— Осындай тоқтамға келдік. Олар (айыпталушылар - ред.) біраз уақыт жұмыссыз жатып қалды. Сондықтан өздеріне қажет қаражаттарын жинап алуларына мүмкіндік берейік деген ниетпен біздің кәсіпорын олар берген ақшадан бас тартты, — деді кешірім бергеннен кейін судья жариялаған үзіліс кезінде журналистерге пікір айтқан компания өкілі Зухра Албаева.
Сот үкімінен кейін айыпталушылар журналистерге пікір беруден бас тартты. Олардың туыстары "кешірім бергендерге алғыс айтамыз" деді.
Биыл 8 мамырда Маралдының тұрғындары мен осы ауылда туғандар, жиыны 100-ден астам адам алтын өндіретін фабрика аумағына барып, құрылысты тоқтатуды талап еткен. Сотта айтылған ақпаратқа қарағанда, олар алдарынан кәсіпорын басшылығы шықпаған соң өздері ішке кірген, кейбіреулері жұмысшыларға "қол жұмсап", "күшпен қуып шығып", "компания мүлкіне зиян келтірген".
Бұл күні фабрика аумағына арнайы жасақ кірген еді.
Айыпталушылар осы оқиғадан кейін басталған сотқа дейінгі тергеу кезінде қамалды. Тергеу барысында полиция ауылда бірнеше адамның ұялы телефонын тәркілеп, Жанат Кәрібаева есімді тұрғынның үйін тінткен болатын.
Маралды ауылының тұрғындары полицияның әрекетін "қысым" деп бағалаған, ал фабриканы тоқтату туралы талап қоюларын "табиғатты қорғау әрекетіміз" деп түсіндірген. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті құқық қорғау органы қызеткерлері ешкімге қысым көрсетпейді, олар тек қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді деп мәлімдеген.
Маралды тұрғындары мен тумалары мәжіліс депутаттарына да "құзырлы органдардан қысым көріп жатырмыз" деп шағынған. Осыдан кейін мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров қамаудағы төрт адаммен кездесіп, оларға басқа депутаттармен бірге құқықтық көмек көрсететінін айтқан.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің ақпараты бойынша, Маралдыда жыл басынан бері 11 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Бұған дейін полиция ауылдың алты азаматын "Маралды ауылдық округі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығы" деп аталатын "заңсыз" бірлестік құрды деп айыптап, оларға 92-184 мың теңге аралығында айыппұлдар салғаны хабарланғаны белгілі.
"Қоғамдастықты құруымызға әкімдіктегілердің өздері түрткі болған. Ұйым құрып, заң аясында жұмыс істеңіздер деген еді. Біз ауыл әкіміне құжаттарымызды бекіттіріп, мөр алып жұмыс істедік. Фабрика жұмысын тексеруді, өзіміз көрген кемшіліктерге назар аударуды сұрап министрліктерге, депутаттарға, әкімдерге хат жазып келдік. Бірақ қоғамдастықты әділет министрлігінде тіркелмеген, сондықтан полиция оның жұмысын заңсыз деп айтты" деп түсіндірген мұны ауыл тұрғындары.
Бұдан бөлек брнеше тұрғын компания қызметкерлерін балағаттады деп 10 тәулікке қамалып шыққан.
Маралды ауылының іргесінде алтын өндіретін фабрика құрылысы 2022 жылы басталған. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі "фабрика салынуын салалық министрліктер мақұлдап, өндіріс қоршаған орта үшін қауіпсіз деген қорытындылар берген" дейді. Ал фабрика өкілдері тұрғындар наразылығынан кейін қауіпсіздік шарасы күшейтілді, өндірістің қоршаған ортаға зияны болмайды деп уәде берген.
Ал наразылар кәсіпорынның алтын кенін ашық әдіспен қазып алып, цианид қоспасымен шаятынына наразы. Бұл әдіс табиғатқа зиян келтіріп, өзен мен ауызсуды ластауы мүмкін дегенді айтады. Тәуелсіз экологтар да "фабриканың таулы жерде салынуы қауіпті екенін, көктемде қар суымен залалды заттар өзенді ластауы мүмкін" екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тергеу, тінту, қамау. Маралды халқының алтын фабрикасына қарсы күресіМаралды халқы алтын өндірісіне неге қарсы?Маралды халқының назы. Алтын фабрикасының артында кім тұр?