CNN: АҚШ пен Германия Rheinmetall басшысын өлтірмек болған Ресейдің жоспарын бұзды

Армин Паппергер

АҚШ пен Германияның арнайы қызметі германиялық Rheinmetall концернінің басшысы Армин Паппергерге қарсы ұйымдастырылған қастандықтың жолын кесті. Қастандыққа тапсырысты Ресей билігі берген. Бұл жөнінде АҚШ-тың арнайы қызметі мен Батыс елдерінің билік органдарындағы бес дереккөзге сүйенген CNN телеарнасы хабарлады.

Rheinmetall – Германиядағы ірі қару-жарақ шығарушы кәсіпорын, оның өнімдері Украинаға да жеткізілген. Мәселе оқ-дәрі мен әскери техникалар жөнінде болып отыр.

CNN-нің жазуынша, Ресей Еуропаның қорғаныс саласындағы бірнеше кәсіпорын басшыларын өлтіруді жоспарлаған, солардың ішінде Паппергерге қарсы ұйымдастырылған қастандық кәдімгідей жоспарланып қойған. АҚШ-тың арнайы қызметі аталған жоспар жөнінде білгеннен кейін Германиядағы әріптестеріне ескертіп, осылайша күштік құрылымдар қастандықтың алдын алған. Телеарна Берлиндегі дереккөздер де ақпаратты растағанын айтты.

Телеарна кейінгі бірнеше айда Еуропаның бірқатар елдерінде (арасында Германия да бар) диверсия жасалғанын атап өтеді. Арнайы қызмет пен билік оларға Ресейдің қатысы болуы мүмкін деп болжайды. Әдетте тапсырыс беруші диверсияға қылмыстық топ өкілдерін жалдайды.

Бұған дейін Мәскеу өзінің диверсияларға қатысы барын мойындамаған.