Қарағанды қаласында шығармашылық студия өкілдері – мемлекеттен тапсырыс алып істейтін "Арт-Спорт" бағдарламасы негізінде қызмет көрсететін жұмысшылар аймақты қаржыландыруда туындаған проблемалар туралы айтты. Олардың сөзінше, әкімдік бөлген қаражат балаларды тегін оқытуға жетпейді.
Студия өкілдері биліктің әрекетін бағдарламаның беделін түсіру және балалар есебінен ақша үнемдеу талпынысы деп атады. Наразылардың айтуынша, мемлекеттік тапсырысты үлестірген кезде шығармашылық үйірмелерге қарағанда спорт секцияларына көбірек орын беріледі, соның салдарынан тегін шығармашылық үйірмелерге кезек қалыптасқан. Балалар үйірмелерге қатыса алмай келеді. Ал студия өкілдері шығынға батып жатыр.
11 шілдеде он шақты адам, жергілікті шығармашылық студия өкілдері облыстық әкімдік маңында "Бөлекпаев!" деп айқайлап, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың назарын аудартуға тырысты.
Жиналғандарға Қарағанды әкімінің орынбасары Ләззат Әкелжанова келді. Айналада қауіпсіздік күштері де байқалды.
Шенеунік наразыларға әрекеттерінің заңсыз екенін ескертіп, бейбіт жиын жасау үшін әкімдікке ескерту қажеттігін айтты.
Ақыр соңында жиналғандар тарап кетті. Ақпаратқа қарағанда олар облыс әкімінің қабылдауына жазылған.
Шығармашылық студия жетекшілерінің сөзіне қарағанда, олар бұған дейін бірнеше рет облыс әкімімен кездесуге талпынған, алайда нәтиже болмаған. Осылайша бейсенбі күні көшеге шығуға мәжбүр болған.
12 шілдеде жергілікті билік әлеуметтік желіге хабарлама жариялап, жағдайға түсініктеме берді. Онда мәдениет, мұрағат және құжатнама басқармасының жетекшісі Еркебұлан Жұмакеновтің сөзі келтірілген.
"Арт-Спорт" бағдарламасы қатысушыларының жағдайын түсінеміз, алайда бұған дейін де талай айтылған жайт: шығармашылық мемлекеттік тапсырысқа қосымша сома бөлінді, соның арқасында 800 балаға орын пайда болды. Бағдарламаға сұранысты ескере отырып, келесі жылы бюджет мүмкіндіктеріне қарай қаржыландыру мәселесі қарастырылады" деді басқарма жетекшісі.
- 2021 жылы билік балалар клубтары мен секцияларын жан басын есепке ала отырып қаржыландыру бағдарламасын жариялаған. Бағдарлама сол жылдың екінші жартысында басталды. 2022 жылы мәдениет және спорт министрлігі жүйеден "кідіріс" байқалғанын алға тартып, "аталған бағдарламаны қаржыландыру мәселесі өзекті болып тұр" деп мәлімдеген. Ведомство өкілдерінің айтуынша, атап айтқанда деректерді тексеру, кезекті автоматтандыру және ресурсты үлестіру, қызмет көрсетушінің есепбін тексеруге қатысты бірқатар шикіліктер анықталғанын айтқан. Ақпаратқа қарағанда, Алматыда аталған бағдарламаға аудит жүргізілген кезде бюджеттен 2.5 млрд теңге жалған қызметтер үшін төленгені және қала аумағында тіркелмеген балалар да қатысқаны анықталған.
- Былтыр қаңтарда сол кездегі бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин қысқа мерзім аралығында жарты миллион бала мемлекет есебінен спорт және шығармашылық түрлерімен айналысу мүмкіндігіне ие болды, "егер шенеуніктер бөгет жасамағанда" көбірек бала қатысушы еді деп мәлімдеген.
- 2023 жылы қыркүйекте спорт және туризм министрлігі балаларға арналған спорт секцияларын жан басына шаққанда қаржыландыру ережелеріне түзетулер әзірледі. Оған сәйкес, жергілікті атқарушы орган мемлекеттік сатып алу операторы бола алады.