Ақтөбе полициясы көп қабатты үйдің подьезінде итті бауыздамақ болған тұрғынның үстінен қылмыстық іс қозғады. «Жануарларға қатыгездікпен қарау» бабымен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Бұл оқиға 10 шілде күні кешкі сағат сегіздер шамасында Ақтөбенің Рысқұлов көшесінде болған. Сол күні «Лохматая судьба» орталығының иесі Людмилаға хабарласқан қала тұрғыны подьезде бір иттің қансырап жатқанын айтқан.
- Біз барғанда ит көп қан жоғалтып, әлсіреп қалған екен. Өлім халінде жатты. Итті бауыздаған ер адам пәтерінің есігін ашпай қойды. Дереу ветеринарды шақырып, қан тоқтататын, шокқа қарсы дәрі ектірдік. Тамағы өткір пышақпен бауыздалған иттің аман қалуы екіталай еді. Бірақ ол тіршілік үшін күресіп, ажалдан аман қалды, -дейді ерікті Людмила.
Еріктілер оның аман қалғанын сәттілікке балап, иесіз итке Фортунелла деп ат қойған. Фортунелла қазір Ақтөбедегі «Питомец» клиникасында ем алып жатыр. Отасы сәтті өткен. Бейсенбіден бері тамақ жей бастапты.
«Лохматая судьба» орталығының иесі Людмила Фортунеллаға қамқор болғысы келетін қайырымды адамдарды іздейді. Ондай адам табылмаған жағдайда Фортунелланы 15 шілде күні «Лохматая судьба» орталығына алып келмекші.
Людмиланың орталығында қазір 40 ит пен 25 мысық бар. Ерікті иесіз жануарларды бағу үшін өз үйінің ауласынан бөлек екінші үйді жалға алған. Людмила қожайын табылмаған жағдайда Фортунеллаға вольер орнатқысы келеді. Ол үшін қаржылай көмекке мұқтаж.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, итті бауызмақ болған азамат 11 шілде күні психикалық денсаулық орталығына жатқызылған. Пациент 26 жаста. Ақыл-ойындағы ауытқуларға байланысты 2015 жылы психиатрлардың есебіне алынған.