АҚШ пен Ресей қорғаныс министрлері жарты айда екі рет телефонмен сөйлесті

Ллойд Остин және Андрей Белоусов

Украинадағы соғысқа байланысты жағдай шиеленіскен тұста АҚШ пен Ресейдің қорғаныс министрлері Ллойд Остин мен Андрей Белоусов телефонмен сөйлесті. Бұл маусымның соңынан бергі екінші телефон әңгіме.

Пентагон өкілі Сабрина Сингхтің сөзінше, соңғы телефон әңгімеге бірінші болып Ресей жағы ықылас білдірген. Оның сөзінше, министр Остин әңгіме барысында Ресейдің Украинаға басқыншылығы жалғасып жатқан тұста ашық байланысты сақтау маңыздылығын атап өткен. Сингх басқа ештеңе айтқан жоқ.

Белоусов пен Остиннің әңгімелескенін Мәскеу де хабарлады. Ресей қорғаныс министрлігі телефон әңгімеге Ресей жағы бірінші болып өтініш білдіргенін растады.

"Қауіпсіздікке төнген қатердің алдын алу және шиеленіске жол бермеу мәселесі талқыланды" деп жазылған Ресей әскери ведомствосының хабарламасында.

Бұған дейін екі елдің әскери ведомство жетекшілері 25 маусымда сөйлескен. Ол кезде телефон әңгімеге Пентагон басшысы бірінші болып ықылас білдірген. Ол кезде де Остин мен Белоусов ашық байланысты сақтау маңыздылығын айтқан.

  • Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері АҚШ пен Ресейдің ресми тұлғаларының арасында байланыс сиреген. Вашингтон Ресей басқыншылығына тойтарыс беру үшін Киевке көмектесіп жатқан халықаралық бастамаға жетекшілік етеді.