Пенсильваниядағы сайлауалды митинг кезінде белгісіз біреу АҚШ-тың 45-президенті, қазір президент сайлауына тағы да түсіп отырған Дональд Трампқа оқ атты. "Америка дауысы" сайтының жазуынша, Трамп жеңіл жарақат алған. Оқиға орнынан түсірілген видеода Трамптың бетінен қан көрінеді. Оны қауіпсіз жерге әкеткен. Қауіпсіздік қызметі мергенді оқиға орнында атып өлтірген.
Оқиға Питтсбургтен шамамен 50 шақырым жердегі Батлердегі митингіде Трамп жақтастарының алдында сөйлеп тұрған кезде болған. 45-президент екінші мерзімге сайлануға күш салып жатыр. Оқ атылғаннан кейін Трамп әуелі мінбердің астына жасырынған, ізінше оны АҚШ құпия қызметінің өкілдері қоршап, көлікке алып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша атып өлтірілген шабуылдаушыны қосқанда екі адам мерт болған. Екі адамның жағдайы ауыр екені хабарланды.
Оқиға орнына бірнеше медициналық тікұшақ келген. Жұрт аумақтан шығарылып, қылмыс орны қоршалған. Шабуылды АҚШ құпия қызметі ФБР, әділет министрлігі мен ішімдік, темекі және атыс қаруы бойынша бюромен бірігіп тергеп жатыр.
Президент Джо Байден Дональд Трамп пен оның отбасы және митингіде болғандардың барлығы үшін дұға жасайтынын айтты. Ол Трампқа хабарласып, хал-ахуалын білетінін жеткізді.
Сенаттағы демократтардың жетекшісі Чак Шумер оқиғадан есеңгіреп қалғанын айтты. "Бұрынғы президент Трамптың қауіпсіз жерде екеніне қуанып тұрмын. Елімізде саяси күш көрсетуге жол жоқ" деді Шумер.
Трамп штабының мәлімдемесінде бұрынғы президентке тиісті медициналық көмек берілгені жазылған.
"Президент Трамп құқық қорғау органдары мен жедел жауап беру қызметіне осындай жексұрын акт кезінде шапшаң қимылдағаны үшін алғыс айтады. Оның жағдайы қалыпты, жергілікті медицина мекемесінде тексеруден өтіп жатыр" деп жазды Трамптың баспасөз хатшысы Стивен Ченг мәлімдемеде.
Трамп өзінің мәлімдемесінде митинг кезінде опат болған және ауыр жараланған адамдардың отбасына көңіл айтқан. Оның сөзінше, оқ оның оң құлағының үстіңгі бөлігін жанап өткен.
"Бірдеңенің дұрыс емес екенін бірден түсіндім. Ал ысылдап оқ атылған кезде оқтың терімді жанап өткенін сездім. Көп қан аға бастады, сол кезде не болып жатқанын түсіндім. Американы Құдай сақтасын!" деді Трамп.
Пенсильвания президент сайлауындағы ең маңызды штаттардың бірі. Негізгі тартыс 14 штатта өтеді: бір жағынан онда сайлаушылар көп, екіншіден бірде-бір партияның басымдығы байқалмайды.
2020 жылғы сайлауда Трамп Пенсильванияда 48.8 дауыс алып, Байденнен жеңіліп қалған. Байден алған 306 дауыстың 20-ы осы Пенсильванияныкы. Ал 2016 жылы штат Трампқа дауыс берген, ол кезде 48,1 пайыз дауыс алды.
Бұл жолғы сайлауда Пенсильваниядан 20 емес, 19 дауыс беруші болады. Сайлауалды сауалнамалар Трамптың мұнда сәл басымдыққа ие екенін көрсеткен. 14 шілдеде штатқа вице-президент Камала Харрис келеді.