Қырғызстан Сириядан 8 әйел мен 14 баланы қайтарды

Сириядан Қырғызстанға оралған әйелдер мен балалар. Көрнекі сурет.

Қырғызстан "Айкөл-6" гуманитарлық бағдарламасы аясында Сириядан 22 азаматын қайтарды. Бұл жөнінде Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қырғызстан СІМ-нің мәліметінше, елге қайтарылған 8 әйел мен 14 бала Сирияның солтүстік-батысындағы босқындар лагерінде болған. Ведомствоның хабарлауынша, гуманитарлық миссияны ұйымдастыруға АҚШ үкіметі көмектескен.

"Гуманитарлық миссияны жүзеге асыру барысында қырғыз делегациясы Қырғызстан азаматтарымен кездесіп, аты-жөндерін анықтау шарасын жүргізу үшін "Әл-Хол" лагеріне барды" деді Қырғызстан СІМ.

Қырғызстан гуманитарлық бағдарламалар аясында осымен алтыншы рет Сириядан азаматтарын қайтарып отыр. Ақпан айында "Айкөл-5" миссиясы аясында Қырғызстанға 28 әйел мен 71 бала оралған. 2023 жылы желтоқсанда "Айкөл-4" бағдарламасы аясында Сирияға 31 әйел мен 65 бала әкелінген.

Қырғызстан арнайы қызметінің мәліметінше, 2018 жылы Сириядағы қақтығыс ошақтарына Қырғызстаннан 850 адам барған, 150-і қаза болған. Сириядағы террористік ұйымға қосылғандардың 140-ы – әйел деп айтылады.

2022 жылдың соңында Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Кулубаев Сирия мен Ирак түрмелерінде отырған 200 қырғыз әйелі мен 400 баланың тізімі жасалғанын айтқан.