Алматыда жолақы тағы қымбаттайды. Мәслихат 20 пайыз өсіруді қолдады

Алматы қаласының мәслихаты жолақыны 20 пайызға өсіруді яғни, 100 теңгеден 120 теңгеге жеткізуді қолдап дауыс берді.

Енді мәслихат шешімін қала әкімдігі бекітуі керек. Мерзімі әзірге белгісіз.

Қоғамдық көлікте қолма-қол ақшамен есеп айырысуды алып тастау да ұсынылған.

"Жолаушылардың 97 пайызы жолақысын көлік картасы, СМС немесе мобильді қосымшамен төлейді" деді қалалық мобильділік басқармасының жетекшісі Сағындық Телібаев.

Алматыда жолақы былтыр тамызда да қымбаттаған еді. Оған дейін тариф он жылға уақыт бойы өзгермеген және картамен төлеген жағдайда – 80 теңге, қолма-қол ақшамен есептескен жағдайда 150 теңге болған.

Билік жолақыны қымбаттатуды субсидиялау шығынын азайту талпынысы ретінде түсіндірді.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада 22 жеке және бір коммуналдық автопарк істейді. Тәулігіне 2468 автобус пен троллейбус 1,5 млн жолаушыға қызмет етеді. Биліктің айтуынша, күн сайынғы кіріс тасымалдаушылардың шығынын өтей алмайды. Соның салдарынан техникалар уақытында жөнделмей, бөлшектер де мерзімінде сатып алынбайды. Кейбір маршруттардың шығыны "400 теңгеден" асады.

2017-2023 жылдар аралығында тасымалдаушыларға 217,6 млрд теңге субсидия төленген. 2024 жылы субсидия мөлшері 97,3 млрд теңге болуы ықтимал.