Ресейдің Екатеринбург қаласындағы сот The Wall Street Journal басылымының тілшісі, америкалық Эван Гершковичты "шпионаж" айыбымен 16 жылға түрмеге кесті. Сот процесі жабық өтті. Сот Гершковичты қатаң режимдегі түрмеге жіберді. Үкімнің алдында айыптау тарабы журналиске 18 жыл сұраған еді.
Гершкович — Совет одағы уақытынан бері шпионаж айыбымен сотталған алғашқы америкалық журналист. Тергеу тарабы Гершкович ЦРУ тапсырмасымен әскери техника шығаратын және жөндейтін "Уралвагонзавод" туралы дерек жинады деп айыптаған. Ресей бұл зауыт жайлы ақпарат "мемлекеттік құпияға жатады" дейді. Журналист 15 ай бойы тергеу изоляторында қамауда отырған.
Гершкович өзіне тағылған айыпты мойындамайды және Ресейде тек журналистік қызметпен айналысқанын айтқан. Тергеу журналистің шпионажбен айналысқанына дәлелдерді жарияламады, тек Гершкович америкалық барлауға жұмыс істеді деген.
АҚШ билігі мен The Wall Street Journal істі қолдан ұйымдастырылған деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік департаменті Гершковичке "заңсыз ұсталған адам" деген статус берген.
Ресей мен АҚШ билігіне жақын дереккөздер Мәскеу журналисті АҚШ түрмесінде отырған ресейліктермен алмастыру үшін ұстап отырғанын айтқан. Мәскеу мен Вашингтон адам алмастыруға дайын екенін мәлімдеген, бірақ нақты уақыты, кімдерді алмастыратынын айтпаған.
Гершковичтың ата-анасы Совет одағынан шыққан, ал журналистің өзі 2018 жылдан бері Ресейде тілші болып жұмыс істеп жүрген еді. Ол Мәскеу Украинаға соғыс ашып, әскери цензура енгізгенде де Ресейден кетпеген.
Қазір Ресей түрмесінде АҚШ азаматтары – бұрынғы теңіз әскерінің қызметкері Пол Уилан мен Азаттық радиосының Татар қызметінің журналисі Алсу Құрмашова отыр. Мәскеу Құрмашоваға "Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты" деген айып таққан.