Қарағандыда YDD Corporation ферроқорытпа зауытының сегіз жұмысшысын жалын шарпып, ауруханаға түсті. Төтенше оқиға 20 шілдеде таңғы сағат 4:10-да болған.
Зардап шеккен жұмысшылар Мақажанов атындағы көпсалалық ауруханаға жеткізілген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жұмысшылардың бәрінің денесін күйік шалған. Алтауы реанимацияда жатыр.
—Бес адамның жағдайы өте ауыр, екеуінің жағдайы – ауыр, бір науқастың хәлі орташа, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
YDD Corporation компаниясы пештен жалын "кездейсоқ" лықсып шыққанын айтып, оқиғаны "штаттан тыс жағдай" деп атады.
Қарағанды облыстық полиция департаменті "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазақстан заңнамасында бұл бап бойынша бостандықтан айыру жазасы қарастырылған.
—Қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатыр, жай-жапсары анықталып жатыр, – деді Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.
Еңбек инспекциясы басқармасы оқиғаның себебі мен жай-жапсарын анықтау үшін комиссия құрылғанын хабарлады.
YDD Corporation — ыстыққа төзімді болат өндіруде қолданылатын жоғары сапалы ферросилиций өндіретін зауыт. Компания мәліметінше, онда шамамен 900 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында төрт балқыту пеші бар. Компания бірнеше жыл бұрын құрылған. Зауыт құрылтайшыларының арасында Ерлан Нығматулин (бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің егіз-бауыры), Давид Кемертелидзе және Жармұхамед Аппаз ("Қазақстан коммуналдық жүйелері", Ordabasy Group және өзге кәсіпорынның иесі, кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысовтың ұлы) бар.