Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилизация алымына қарсы петиция талаптарын орындаудан ресми түрде бас тартты.
Бұған дейін белсенділер жеңіл көліктерге салынатын утильалым мен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын жарнаны алып тастау және көліктерді бастапқы тіркеу жарнасын төмендету туралы петицияға қол жинаған. Оған 50 мыңнан астам адам қол қойғаннан кейін құжат мамырда үкімет қарауына берілген. Жұмыс тобының шешімі 19 шілдеде жарияланды.
“Өтінішті қарау кезінде барлық заң талаптары орындалды. Қоғамдық тыңдаулардың нәтижесінде өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды”, - деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Министрлік петицияда көрсетілген уәждерді негізсіз ден таныған.
Онлайн-мәлімдеменің авторы белсенді Санжар Боқаев пен оның жақтастары утилалым бәсекені жойып, көлік және ауыл шаруашылығы мен арнайы техникалардың қымбаттауына әсер етіп отыр деп мәлімдеген.
"Уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар өтiнiштегі дәлелдерiмен және оған келiп түскен ескертулермен келiспейтiнiн бiлдiрдi... Бастапқы тіркеу жарнасы паркті жаңартудың және ескі және экологиялық таза емес көліктердің импортын реттеудің тиімді және дұрыс механизмі. Зауыттан шыққанына екі жыл болмаған автокөліктер үшін төлем 0,25 АЕК (923 теңге) құрайды. Ол тұрғындар арасында жаңа автокөліктерді сатып алуға сұранысты ынталандыру арқылы еліміздің көлік паркін жаңартуға бағытталған" деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Петиция авторлары үкіметтен жеңіл көліктерге утилалымды 100 мың теңгеге дейін түсіруді, басқа көліктерге нөл ставка жасауды, ауыл шаруашылық техникаларға утилалымды мүлде алып тастауды талап еткен. Олардың сөзінше, утилалым салдарынан көлік бағасы қымбат болып отыр. Қазір Қазақстанда шетелден көлік алған адам 277 мың теңгеден 3 млн теңгеге дейін утилалым төлейді. Бұл төлем көліктердің қозғалтқыш күшіне байланысты есептеледі.
Your browser doesn’t support HTML5
Утилалымға қатысты қоғамдық тыңдау Алматыда 15 шілдеде өткен. "Утилалымға жол жоқ" қозғалысының белсенділері зауыттағы тыңдауға қатыспайтынын хабарлаған. Олар қоғамдық тыңдауға жұрт та, петиция авторлары мен сарапшылар да қатысуы керек деген талап қойған. Бұған қоса, зауыттағы талқылаудың объективті өтуі мүмкін емес деп мәлімдеген.
Алматыдағы талқылауға қатысудан бас тартқан петиция авторлары қалада жеке баспасөз мәслихатын өткізіп, үкімет құрған комиссияның петицияны қабылдамаған шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.