АҚШ үкіметі кейінгі 3 жылда алғаш рет елдің ядролық қаруы туралы жаңа мәлімет жариялады. Дерек 2023 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша берілген. АҚШ энергетика министрлігінің сайтында жарияланған құжатта, елде жауынгерлік кезекшілікте және резервте жиынтығы 3748 ядролық оқтұмсық болғаны айтылған. Яғни 2021 жылғымен салыстырғанда 35 оқтұмсық артық. Ол кезде АҚШ-та ядролық қару саны 1962 жылдан бергі кезеңде ең аз шамаға түскен еді. Ал ең көп болған кез – 1967 жыл, ол уақытта АҚШ-та 31 мыңнан астам ядролық оқтұмсық бар болатын деп жазылған хабарламада. Қазір соның 88 пайызына тең жойқын қару бары айтылған.
1989 жылға қарай АҚШ-та 22 мыңнан астам оқтұмсық болды. Екі мыңға жуық оқтұмсықты (олар жоғарыда аталғандағыдан бөлек) бөлшектеуге дайындап отыр, 2020 жылдың қыркүйегінен бергі кезеңде АҚШ 405 ядролық оқтұмсықты бөлшектеген.
Ресми хабарда 1991 жылдан бері стратегиялық емес (тактикалық) ядролық оқтұмсық саны 90 пайыздан көп мөлшерге кемігені айтылған. Жарияланған материалда оқтұмсықтар қуаты туралы ақпарат жоқ.
АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық шабуыл қаруын шектеу туралы келісімге (СНВ-2) сәйкес, екі тараптың әрқайсысында орналастырылған стратегиялық ядролық оқтұмсық саны 1550-ден аспауы керек. Ресей 2023 жылы бұл келісімнің шартын орындауды ресми түрде тоқтататынын, әйткенмен оның орналастырылған оқтұмсықтар санына қатысты шектеулер белгілейтін бөлігін сақтайтынын мәлімдеген. Оған қоса Ресей билігі ядролық арсеналдың мөлшері мен орналастырылған оқтұмсықтар саны туралы мәліметтерді жариялаудан бас тартты.