22 шілде таңертең Ресейдің Туапсе қаласындағы мұнай өңдеу зауытына шабуылдаған дрон оның инфрақұрылымына зақым келтірді. Краснодар өлкесінің жедел штабы зауытта өрт шықты деп хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, өрт аумағы – 50 шаршы метр. Куәгерлер түсірген видеода мұнай базасына қарай ұшып бара жатқан дрон көрінеді. Өрт сөндірілді, зардап шеккендер жоқ деді өлке билігі.
Өз дереккөздеріне сүйенген РБК-Украина Туапседегі мұнай өңдеу зауытына Украина қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының дрондары шабуыл жасады деп хабарлады.
Туапсе – Сочи мен Краснодар маңында орналасқан курорт қала және Қара теңіз жағалауында орналасқан ірі порт.
Туапседе "Роснефть" мұнай өңдеу зауыты орналасқан, оның қуаты – жылына шамамен 12 млн тонна. Кәсіпорыннан шыққан өнімдердің 90 пайызға жуығы экспортқа шығады. Қаңтарда оның аумағында вакуум қондырғысы өртенген, бұл дрон шабуылынан болуы мүмкін деген.
Ростов облысында Морозовск әскери аэродромына дрондар шабуыл жасады деп хабарлады "Осторожно, новости" және Astra телеграм-арналары. Куәгерлер түсірген видеода қаладағы аудандардың бірінде шабуылдан кейін түтін шығып жатқаны байқалады.
Қорғаныс министрлігі түнде Ресей өңірлерінде 75 дронды атып түсіргенін хабарлады. Туапседен бөлек, Ростов облысында 47 дрон, Қара теңіз бен Азов теңізінің су айдынында 17 дрон, Воронеж, Белгород және Смоленск облыстарының әрқайсында бір дроннан жойғанын жазды.
Украина шабуыл жөнінде ресми пікір білдірген жоқ.