Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов қызметінен кетті. Бұл туралы ол 22 шілдеде Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Денсаулығым сыр беріп, қызметтен бұдан бұрын кетуді ойлап жүргенмін" деп жазды Сатқанов.
47 жастағы Миржан Сатқанов Орал әкімі болып 2022 жылы сәуірде тағайындалған. Оған дейін Бөрлі ауданының әкімі болған. 2024 жылы мамырда желіде Сатқановтың өз еркімен қызметтен кеткені туралы ақпарат шыққан. Кейін Орал әкімінің баспасөз хатшысы бұл шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.
"Көктемде қаламызда су тасқыны болып, мұндай қиын кезеңде жұмыстан шыға алмадым. Осылайша өз міндеттерімді әріптестеріммен бірге жалғастыра бердім" деп жазды Сатқанов.
Батыс Қазақстан облысы – биыл тасқыннан қатты зардап шеккен Қазақстандағы төрт облыстың бірі. Төтенше жағдайлар департаменті ақпаратына сәйкес, Орал қаласында наурыз бен сәуір айларында ондаған саяжайды су басқан. ТЖД мәліметінше, Орал, Деркөл және Шаған өзендері маңында орналасқан 50 саяжай қауымдастығын су алған.
Сатқанов "қазір барлық саладағы жұмыс жолға қойылған" деп жазды. Ол "қаланың жаңа әкімі қазіргі жағдайды тез түсініп, жұмысты жүйелі жалғастыратынына, болашақта қала үшін жаңа жобаларға бастамашы болатынына сенемін" деді.
Бұған дейін Орал іргесіндегі су тасқыны кезінде үйі тұруға жарамай қалған тұрғындар әкімдік алдына жиналып, дереу баспанамен қамтамасыз етуді талап еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оралда саяжай тұрғындары тасқыннан бүлінген үйлеріне комиссия жүргізуді талап етті