23 шілдеде Атырауда қала және облыс аудандарында мал және егін шаруашылығымен айналысатын шаруалар тағы да жиналып, ірі сабақты жем-шөп сатып алуға берілетін субсидияны қайтаруды және тасқыннан зардап шеккен шаруаларға өтемақы талап етті. Шаруалар жиынға Атырау облыс әкімі Серік Шәпкенов келеді деп күткен, бірақ ол келмеді.
Шаруалардың шағымы мен талаптарын тыңдауға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басшысы Амангелді Саламат және Атырау қаласы әкімі орынбасары Серік Нысанбаев келді. Жиын басында мінберге шығып, сөз сөйлеген облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешев жергілікті шаруалардың мәселелерін мәжіліс депутаттарына жеткізгенін, олар жазғы демалыстан жұмысқа шыққанда қарастыруға уәде бергенін алға тартты.
Шаруалар субсидия мен өтемақы мәселесін созбай, тез арада шешуді талап етті. Облыс әкімінің өздерімен кездесуге келмегеніне наразылығын білдіріп, жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысын сынға алды. Әкімдіктен көмек болмаса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қожалық жұмысын қайта аяғына тұрғызуға күш жетпейтінін айтқан зейнет жасындағы шаруалар да болды. Жыларман күй кешіп отырғанын ашына жеткізген шаруалар залда отырып та, мінберге шығып та сұрақтарын қойып, шағымдарын жеткізді.
Қордаланып қалған мәселелерін айтқан шаруаларға облыс әкімінің аппарат жетекшісі Нұрлыбек Жеңісбекұлы жиі-жиі басу айтып, сабырға шақырып отырды. Сабырға шақырушылар қатарында облыстық мәслихат депутаты Айбар Ерекешев те бар. Ол қайта-қайта шаруаларға орнына отыруды ескертіп, әкімдік өкілдерінің "жауабын тыңдайық" деумен болды. Осы кезде депутаттың өзін орнына отыруын талап етіп, "Aqiqat" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғазиз Ғабдуллин ортаға шықты. Оның бұйыра сөйлегенін көтере алмаған депутат оған қарсы шығып, екеуі сөзге келіп қалды. Екеуін бір-екі шаруа мен залға жүгіріп келген полиция қызметкері айырды.
Жиынға келген шаруа Жанкелді Рахметқалиев Атырау өңірінің шаруалары үшін ірі сабақты шөпке субсидия малды қыста аман алып шығу үшін өте қажет екенін түсіндіруге тырысты.
- Ірі сабақты мал азығына субсидия міндетті берілуі керек. Парламент депутаттары демалыстан келеді. Демалыстан келген соң мәжілісте бәрін қарайды. Сөйтіп жүргенде қыс болады. Біз қысқа дайындалатын екі ай ғана уақыт қалды. Екі ай уақыттың ішінде осы мәселенің бәрін қалай шешеді? Бізге, мына жерге, өкінішке қарай, облыс әкімі келмей отыр. Облыс әкімі келуі керек, - деген Рахметқалиевтың сөзінен кейін басқа шаруалар далада қалғанын айтып, "тасқын су бойынша айтайық" деп өтінді.
Шаруалардың басым бөлігі бірінші кезекте "тасқыннан зардап шегуші ретінде өтемақы төлене ме?" деген сауал толғандырды. Малы мен жем-шөбін қайда әкелерін білмей қыста қиын болатынын айтқан шаруалар бұл мәселені тез арада шешуін өтінді.
- Шөп шабатын жерімізді су басып кетті. Шөп алып берші деп отырмыз, ақша де керек емес! Малымызды қыстан шығаратын шөп алып берші деп отырмыз. Қорасын су басып кеткен шаруалар малымызды қыста қайда апарамын деп жүр. Осындай жергілікті жердегі мәселелерімізді әкімге айтпасақ, кімге айтамыз? – деді жиынға келген шаруаның бірі Атабек Қарағұлов. Оның 200 гектар жайылым мен шабындық жерін су басқан.
Жиын барысында шаруаларға дәл қазір өтемақы төлеу механизмдері жоқ екендігі, бірақ жиында айтылған арыз-шағымдары облыс әкіміне жеткізіліп, оны төлеу жолдары қарастырылатыны айтылды.
Қала әкімі орынбасары Серік Нысанбаев Азаттыққа қалада 50 шаруа қожалығы тасқында зардап шеккенін айтты. Соның ішінде 30 шаруа суда қалған егістік алқабына, ал сегізі мал өліміне қатысты көмек сұраған.
- Оның барлығының талабын қанағаттандырудан бас тартылды. Бірақ қайтадан өтініш беру мүмкіндіктері түсіндірілді. Бұл жерде әр түрлі себептермен бас тартылды. Көбінің нысанының құжаты болмады. Одан бөлек, ережеге сәйкес, комиссия зардап шеккен нысанының басына барып, көзбен шолып, акт толтыру керек. Шілде айында су кетпеуіне байланысты барып көру мүмкіндігінің болмауына байланысты бас тартылды. Енді осы айдың соңында қайтадан барлығы арыз тапсырады. Содан кейін өтемақы мәселесі бойынша шешім қабылданып, төленеді, - деді Нысанбаев.
Оның сөзінше, өтемақы тек өтініш түсіргендерге және егер олардың бүлінген мүліктерінің құжаты болса ғана төленеді.
11 шілдеде де атыраулық шаруалар ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинмен кездесіп, талаптарын айтқан.
Ресми ақпарат бойынша, Атырау облысы бойынша 150-ден астам шаруа қожалығы тасқыннан зардап шеккен. Оның жүзге жуығы - Махамбет ауданындағы қожалықтар.