Павлодар облысында құтқарушылармен бірге шұңқырға түсіп кеткен автобус жеті айға жуық уақыттан кейін табылды. Бұл жөнінде Павлодар облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"24 шілдеде кешке қазу жұмыстары кезінде құтқарушылардың автобусы табылды. Жаңбыр мен жел жағдайында және опырылу қаупі сейілмегендіктен жұмыс өте сақтықпен жүргізіліп жатыр. Іздеу жұмыстары бүгін таңғы сағат 5:00-те қайта жалғасты. Қазіргі кезде көліктің алдыңғы бөлігіне жеттік, оның бет жағынан бампер мен дөңгелек көрінеді" деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Биыл қаңтар басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы "Майқайың" кеніші аумағында құтқарушылар отырған автобус шахта маңындағы шұңқырға түсіп кеткен. Автобуста үш құтқарушы мен бір жүргізуші болған. Сол кезде екі құтқарушының мәйіті табылған еді. 19 шілдеде үшінші құтқарушының денесі табылған. Қазір қаза болған төртінші адамның денесі іздестіріліп жатыр.
Қаңтар соңында арнайы комиссия "Майқайыңалтын" компаниясының жауапты тұлғалары өндіріс жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдатырмаған және тау-кен жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік талаптарын қадағаламаған деп тұжырымдаған. Компания мұны жоққа шығарып, комиссияның актісін дауламақ болған. Астананың әкімшілік соты комиссияның қорытындысын растады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сүйегін тауып жерлесек..." Төрт ай бұрын құтқарушылар топырақ астында қалған Майқайыңнан репортаж